Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Арпалыс

Түскі үзілістен кейін жұмысқа бет алғам. Көрші үйдің тұсынан өте бергенімде жоғарыдан бір нәрсе сылқ етіп құлап түсті. Ұмар-жұмар арпалысқандарға қарасам, біреуі кәдімгі ала қанат сауысқан дағы екіншісі қара шұбар жылан екен. Сауысқан қанатымен жер сабалап, өзіне айбат шегіп тұрған жыланға қарай шықылықтап тұра-тұра ұмтылады. Жылан шеңбер жасап жиырылып алған. Сауысқан болса оның о жақ, бұ жағынан шығып, әйтеуір өшін алуға ұмтылады. Шамасы құстың ұясынан жұмыртқасын не балапанын жұтып қойды ма, әйтеуір бір қиянат жасағаны анық. Байқаймын, сауысқан оның көзін ойып алуға әрекеттенетін секілді. Бір ауық оңтайлы сәтті пайдаланып, жыланның желкесінен тістеп сілкілеп-сілкілеп лақтырып жіберді. Жылан қайта жиырылып, дөңгеленіп алды да жақындап қалған құсқа қарай атылды. Сауысқан жылдам жоғары көтерілді де, іле төмен қарай құлдилап келіп жыланды тағы бір түйреп өтті. Шамасы көзін ағызып жіберді ме, кенет жылан ширатылып барып, жақын маңда өсіп тұрған көк құрақ арасына жасырынды. Жемтігінен айырылып қалған сауысқан шықылықтап-шықылықтап көкке көтерілді. Мен ойға кеттім. Шіркін, құс екеш құс та қиянатқа төзбегені-ау!

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
20 шілде 2019 ж. 1 703 0