«Face ID жүйесі»: Енді медициналық жалған жазбалардың жолы кесіледі
Көптеген адамдар дәрігердің қабылдауында болмаса да, бюджетке 208 млн теңге шығын келген. Биыл ел бойынша медициналық мекемелерде 23 мыңнан астам жалған жазба анықталған. Аталған мәселемен күресу үшін енді емханаларға Face ID жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Астаналық емханаларда Face ID жүйесі енгізіле бастады. Енді дәрігердің қабылдауына кірген әрбір азамат осындай камералар арқылы тіркеуден өтуі тиіс. Жүйе науқастың фотосын Әділет министрлігі базасымен сәйкестендіргеннен кейін ғана оған медициналық қызмет көрсетіледі. Осылайша жалған медициналық жазбалардың жолы кесіледі», дейді мамандар.
Бүгінде 63 медициналық мекеме пилоттық жобаны қолдаған. Бірақ кейбір науқастар жаңашылдықты бірден қабылдай қойған жоқ. Олар бейнекамералар дыбысты да жазады деп алаңдаушылық білдірген. Ал республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының профилактикалық бөлім меңгерушісі Жансая Қалилаева айтуынша ешқандай жазба жүргізілмейді.
«100% қауіпсіздік бар. Бейнежазба жүргізілмейді. Біз цифрлық суретке ғана түсіреміз бір рет. Ол сақталмайды. Ол егов базасындағы куәлікпен салыстырмалы түрде өтеді де, автоматты түрде қабылданады. Бұл мүлдем сақталмайды. Науқасқа түсіндіреміз, көрсетеміз. Әуел баста көрсетіп жүрдік. Қазір үйренісіп кетті. Ондай сұрақтар жоқ», дейді Жансая Қалилаева.
Егер науқас фотоға түсуден бас тартса, жеке бас дерегін растау үшін басқа да тәсілдер бар. - eGov mobile қосымшасына немесе каспий қосымшасына кіріп, 6 таңбалы код бар, соны айтады.
Хабар агентігінің ақпаратынша жаңа жүйені келер жылы барлық аймақта іске қосу жоспарланып отыр.