Зейнеткерлер зейнетақыдан қағыла ма?
Естеріңізде болса, бірнеше күн бұрын жаңалықтар желісінде «енді жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер зейнетақы алмауы мүмкін» деген ақпарат тараған болатын. Бұл Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге қатысты айтқан ұсынысы еді. Осыған байланысты елімізде көптеген пікірталас орнап, қызу талқыға түсті. Аталған ұсыныс халықты, оның ішінде әлі де жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерді алаңдатып қойғаны жасырын емес.
– Бұл жөнінде еңбек ресурстарын дамыту орталығында БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу кезінде де айтқан болатынмын. Мен зейнетке ерте және кеш шығуға болатынын, сондай-ақ, бұл әзірге ұсыныс екенін айттым. Бұл ұсыныс қазір зейнетақы алып отырған азаматтарға ешқандай кедергі келтірмейді. Бәрі сол бұрынғыдай жалғаса береді, – деген еді Светлана Жақыпова Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қоғамда қызу талқыланған мәселеге нүкте қойды. Министрдің айтуынша, бұл ұсыныс болғандықтан, ол Үкіметтің күн тәртібінде тұрған жоқ. Сала мамандары да министрдің осыған дейінгі мәлімдемесіне қатысты өз пікірлерін айтқан болатын.
– Бұл – қазіргі таңда бюджет тапшылығының нағыз белгісі болып отыр. Демек, Үкімет бюджетті үнемдеудің түрлі әрекеттеріне, шараларына барып отыр. Соның бір бағыты – зейнетақыны үнемдеу. Бұл әлеуметтік мемлекет үшін өте ауыр және дұрыс қадам емес. Қоғамда, әсіресе, білім мен ғылым саласында, нақтылы өндірістерде ғалымдар, білікті тәжірибелі инженерлер, мамандар жетіспейді. Сондықтан ЖОО, ғылыми институттар, құрылыс, энергетика, кейбір өндіріс салалары осындай адамдарды зейнет демалысына шықса да ұстауға тырысады. Біз нарықтық экономикаға қадам басқан мемлекетпіз. Демек, кез келген кәсіпорын үнемдеуді басты бағытқа қояды. Олай болса, оларға да зейнет демалысындағы азаматтарды өзінде ұстау тиімсіз ғой, – деді экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодаухан.
Сарапшы маманның айтуынша еңбек демалысындағы жұмыс істейтін зейнеткерлердің зейнетақысын үнемдеу арқылы бюджет тапшылығының орнын толтыру мүмкін емес көрінеді. Оның басты себебі – макроэкономикалық реттеулер жүйесінің бүгінгі талапқа сай еместігі болып отыр.
Аталған ұсынысқа қатысты Үкіметпен арнайы келісімнің болмауы және әзірше заң жобасы әзірленбегендіктен еңбек етіп жүрген зейнеткерлер бұрынғыдай жалақысын да, зейнетақысын да ала береді.
А.ЖҮНІСОВА
Фото: atr.kz