Ойыншықтан от шықпасын десеңіз...
Қазақ даналығында «баланы ойын өсіреді» деген сөз бар. Шын мәнінде ойын адам өмірінде сәби кезінен басталып, есейген шаққа дейін бірге ілесетін ерекше қызмет түрі. Бұрынғының адамдары баласының көп ойнағанын айтады. Расымен де ойынға шектеу қоймаудың да себебі бар, яғни бала ойнап жүріп ойланады, көңіл күйі сергек болады әрі тынығады. Денесінің шымыр болуы да ойнаған ойынына байланысты болады. Бұрындары ата-ана баланы үйге кіргізе алмаса, қазір керісінше баланы далаға шығару қиынның қиыны. Бұл – кез келген ата-ананың басы қосыла қалса айтатын мәселесі. Бүгінгі сараптамамызда баланың дамуына ойынның әсері, ойыншықтың қауіпсіздігі мен ойыншықты қалай дұрыс таңдау керектігі жайында айтатын боламыз.
Ойын – бала бойындағы өнердің бастауы
Бала ойнап өседі. Бесіктен еңбектеп шығып, тәй-тәй басқан сәби шақтан ойыншықпен ойнау – баланың тезірек жетілуіне әкелетін құрал. Сондықтан әрбір ата-ана баласына көз жауын алатын түрлі-түсті, неше түрлі дыбыс шығаратын ойыншықты әперуге асығады. Баланың күн санап өсуіне байланысты ойыншықты ауыстырып отыруға тырысады. Әрине, бұл құптарлық жағдай. Өйткені ойыншық арқылы балақай айналадағы дүниені тануға талпынады. Ойнау арқылы өмірде кездесетін қиыншылықты жеңу жолын үйренеді, өзіндік қабілетін қалыптастырады.
Кез келген жаста ойын баланың жан серігі болады. Ойын сырттай қарағанда ешқандай қиындығы жоқ, оңай болып көрінуі мүмкін. Ал негізінде балақайға ойынға қатысты басқалармен тіл табысып, өзінің ойлаған ойын іске асыру жеңіл емес. Ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарайтын болсақ, сол ойыннан үлкен де мәнді-мағыналы іс туындайтынын байқаймыз, яғни, не нәрсенің болсын жол бастар қайнар көзі болатыны белгілі. Сондықтан да ойын – бала бойындағы қандай да болсын бір өнердің бастауы деп білеміз. Өйткені, болашақ ел қорғаны болатын батыр, жауынгер, оқымысты, қоғам қайраткерлерінің нышаны ойын үстінде көрінеді. Сол ойын арқылы шынығып, өзінің бойындағы табиғи дарынын шыңдай түседі. Жастайынан музыкалық ойыншыққа құмар балақай болашақта ән айтып, өнерге жақын болуы да заңдылық. Ал түрлі мамандыққа қатысты ойыншық құралдар оның болашақтағы мамандығына жол салуы әбден мүмкін. Сондықтан балаңыздың қандай ойыншықпен ойнайтынына жастайынан назар салсаңыз, оның болашағын да айқын сезінесіз. Бұл бір жағынан баланы тәрбиелеудің негізі болса, екіншіден, ой-өрісін дамытатын таптырмас құрал.
Қазақ баласының ойыншығы қайда?
Расында «қазақ баласына тән ұлттық ойыншығы бар ма өзі?» деген сауал кім кімді де мазалайды. Біразы «бар» десе, енді бірі «болмады» деуі мүмкін. «Қазақ баласының ойыншығы қайда?» деген сауалға жауап іздесек, ең алдымен шыбықты ат қылып мінген, жалаң аяқ топырақ кешіп шаңғытып жарысқан өткен ғасырдың 70-90 жылдың балалары, қазіргі аға ұрпақ еске түседі. Үлкен шеңбердің айналасына жиналып, асық тігіп, ләңгі тепкен балаларға қызыға қарайтындар да болды. Қызығы көп бала кезден есте қалған осындай ойындарда алдына жан салмаған балалардың арасынан небір білімді ғалымдар, өз ісінің майталмандары да шықты. Қатардан қалмай ойынды да ойнап, епті де, ширақ болып өсті. Олардың қолындағы дорбаға салынған асық ұлттық ойыншық іспетті болды. Ал қазір ауыл балаларының арасында мұндай ойынға құмарлары жоқтың қасы. Балалар қазір асық жинамайды. Оны жинауды үлкендер үйретпейді. Заман ағымына сай көбі үйде смартфондағы ойынды ойнауға құмар. Ал смартфонда атыс-шабыстан басқа не бар дейсіз?!
–Шын мәнінде қазіргі балалардың барлығы смартфонға тәуелді. Кейде «осыған себепкер үлкендердің өзі емес пе» деген ой келеді. Баланы тыныштандыру үшін қолына смартфонды бере салғанды жөн көреміз. Баламен сөйлесіп, оған қызықты ертегі айтып берудің орнына телефондағы әуені тым түсініксіз дүниені тыңдатуға, көруіне рұқсат береміз. Атыс-шабысты көріп өскен бала қатыгез, мейірімсіз болып өссе артынан өкініп қаламыз. Қазір жас ата-аналар балаларын балабақшаға бергенде бір мезгіл телефоннан ажырату мақсатында береді. Балабақшада бала өзге балалармен ойнап, тіл табысуды, ой-өрісін дамытуды үйренеді деген мақсатпен. Ал үйге келген бала қайтадан қолына телефон алып, айналасындағы әлемнен ажырайды, – дейді көпбалалы ана Лаура Сағидоллақызы.
Бала кезімізде шынымен үй көрмей далада ойнаушы едік. Сондай керемет естеліктің бірі – бір-бірімізбен жалаңаяқ жарысқа түсетініміз. Топырақтың астынан шыққан ғұлы-ғұлы деп аталатын жәндікті езіп, табанымызға жағып, желаяқ боламыз деген оймен жүгіруге, озуға асығатынымыздың өзі ғажап еді. Ал мектептегі үзіліс кезінде доп, резеңкемен ойнау арқылы бойымызды сергітіп, терлеп-тепшіп алатынымыз біздің заманның ойыны, әрі ойыншығы еді.
Қытай ойыншығы нарықты жаулап алды
Келмеске кеткен заманның жақсы тұсы баланың емін-еркін өсіп жетілуіне жоғарыда айтылған ойын түрлері әсер еткені сөзсіз. Бірақ баласының ең жақсы ойыншықпен ойнағанын қаламайтын ата-ана бар ма? Ол кезде де ойыншықтың тәуірімен ойнаған бала да болды. Бірақ сирек. Қазір баланың ойлау қабілетін дамытатын ойыншықты табу қиын емес, ал ұлттық ойыншықты іздеп табу қиынның қиыны. Өйткені дүкен сөрелері мен базар қытайдың ойыншығына толып тұр. Жұмсақ ойыншықтан бастап, қызылды-жасылды дыбыс шығаратын машина мен қарудың барлығын табу оңай. Қыз балалар қызыға қарайтын ән айтатын қуыршақтың көкесін, музыкалық аспаптар түрінде жасалған ойыншықтарды да қытайлықтар тонналап шығарып жатыр.
Қытай өндірісінің тауарлары емін-еркін базарға келетіндіктен олардың сертификатын сұрау көп адамның ойына да келе бермейді. Сертификатталған өнім шын мәнінде арнайы фабрикаларда шығарылады. Ал жасырын кәсіпорындарда жасалған ойыншықтардың сапасы мен құрамы жайында ақпарат болмайды. Ең өкініштісі – осындай ойыншықтар қазір еліміздің балабақшаларында да пайдаланатындығында. Сонда өз елімізде болашағымыздың қамы үшін ойыншық шықпайтыны өкінішті. Кәсіпкерлердің мейрамхана, шаштараз, дәмхана ашуға бейімдігін алға тартсақ, «ойыншық өндірісі неліктен ешкімді қызықтырмайды?» деген сауал туындайды. Әлбетте кәсіпкер үшін бұл пайдасы аз әрі тиімсіз бизнес түрі болуы мүмкін. Алайда қоғамның өзекті мәселесі ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс.
Отандық өнімге сұраныс көп
Қазақ балаларына ойыншық шығаруды қолға алған белгілі әнші Қыдырәлі Болманов екенін көпшілік жақсы біледі. Эстрада жұлдызы «Bal-bala» атауымен қазақша сөйлейтін қуыршақтар шығарды. Отандық алғашқы өнім қолжетімді болды деп айтуға болмайды. Себебі ең алдымен оның бағасы қарапайым халық үшін тиімді емес. Бұл жаңашылдық мемлекет тарапынан қолдау таппады ма, бағасы да қымбат болды. Отандық ойыншық өндірушілер қатары толықса, қазақ баласын баурайтын ұлттық нақыштағы ойыншық шығаруға ниет білдіретіндер де көбеймес пе еді. Ал ойыншыққа кейіпкер болатындардың да қатары қалың деп айтуға негіз бар. Мәселен, тау көтерген Толағайдың бір өзі есте сақтау, ойлау қабілеті жетіле бастаған балаларға қаншалықты әсер етерін айтудың қажеті жоқ. Тек айтарымыз, Толағаймен ойнаған бала тау көтермесе де, тау көтермекке талпынып өсері анық.
–Ойыншықтың балаға әсері өте көп. Мысалы менің балам кішкентайынан түрлі машинаға құмар болды. Жүк тасымалдайтыннан бастап, түрлі жеңіл көліктің түр-түрін алып беретінбіз. Машиналарымен ұқыптап ойнап, жинастырып қоятын. Бала кезінен көліктердің қызметі жайында, оның түрлері туралы көп біліп өсті. Қазір балам көлік тізгіндеп, техника тілін жақсы меңгеріп алды. Кішкене қыздарымыз қазақтың ұлттық киімін киген, қолаң шашы арқасына түскен қаракөз қуыршақтармен, ұлдарымыз Керқұла атты Кендебаймен, тау көтерген Толағаймен ойнаса дейсің. Ал қазір балабақша балалары көгілдір көзді қуыршақты қолтықтап, саусақтың ұзындығындай сары шашты тарағыштап әлек, – деді ақ жаулықты ана Зейнекүл Тапатқызы.
Қазақ баласына ойыншыққа сұранып тұрған көптеген дүниелер жоқ емес. Мәселен, түрлі ұлттық құрал-жабдықтарды, киіз үй, сандық, ыдыс-аяқ, т.б. сувинир етіп шығарғаннан гөрі, бала өзі құрастырып шығаратындай етіп құрастырмалы ойыншыққа айналдырсақ, оның мәнісін түсініп өсер еді. Бірақ мұндай ойыншық шығару ойыншық өндірісін жолға қойғанда ғана іске асады. Бастысы сапасын көңілден шығатындай етіп жасасақ, шетелге де шығаруға, ойыншық арқылы ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуге мүмкіндік алатын едік.
Сапалы ойыншық – баланың денсаулығы мен өміріне деген сенім
Балалар ойыншығын дұрыс таңдау маңызды. Ойыншықтың сапалысын таңдап, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болатынын ғана таңдасаңыз, өз сәбиіңіздің денсаулығы мен өміріне сенімді бола аласыз.
Байқасаңыз базардағы ойыншықтарды қолыңызға ұстасаңыз ең алдымен көзіңіз шалатыны оның таңбалануы. Яғни ойыншықтың таңбасында қазақ тілінде ешқандай мәліметтің жоқтығы сапасына күмәнмен қарауға болатын негізгі фактор. Ал физикалық факторға келсек, ойыншық көрсетілген баланың жасына сай келмейді. Үшкірлі болуымен қатар, кедір-бүдір етіп жасалған ойыншық баланың жарақат алуына себеп болатыны сөзсіз.
–Ойыншықтар «Ойыншық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана нарыққа шыға алады. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай белгісімен таңбаланылуы тиіс. Бірыңғай белгі ойыншықтың өзіне және қаптамаға, заттаңбаға, затбелгіге, оған қосымша берілетін эксплуатациялық құжаттарында келтіріледі. «Ал қауіпсіз ойыншықтар қандай болуы керек?» деген сауалға келсек, жоғарыда аталған техникалық регламенттің 4-бабында ойыншықтар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар көрсетілген. Ойыншықтарды қолдану кезіндегі тәуекел балалардың жас айырмашылықтарына байланысты болуы керек. 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға табиғи ішік, табиғи тері, шыны, фарфор, түкті резеңке, өлшемі ылғалды ортада 5% аса ұлғаятын сылдырмаққа ұқсас ойыншық толтырмаларын қолдануға жол берілмейді. Сонымен қатар, ойыншықтарды бұрын қолданыста болған материалдарды қайта өңдей отырып, қайталама шикізатты пайдалануға жол берілмейді. Ойыншықтар дайындалатын материалдар таза, ластанбаған, инфекцияланбаған болуы және техникалық регламент талаптарында көрсетілген стандарттарға сәйкес болуы тиіс, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Құралай Омарова.
Маманның айтуынша ойыншықтың қорғаныш-сәндік жабыны ылғалды өңдеуге, тер мен сілекейге төзімді болуы тиіс. Ойыншық және оның құрамдас бөліктері, бекіту бөлшектері механикалық жүктемелерді көтеруі тиіс. Пайдалану кезінде үгітілмеуі және өзінің тұтыну қасиеттерін сақтауы керек. Олардың қолжетімді жиектері, ұштары, қатты бөлшектері, серіппелері, бекітуші бөлшектері, саңылаулары, бұрыштары, шығыңқы жерлері, баулары, арқандары, қозғалатын құрамдас бөліктері балалардың жарақат алу қатерін болдырмауы тиіс.
Бала денсаулығына қауіп төндірмеуі үшін жұмсақ ойыншықтарда қатты немесе өткір бөгде заттардың болуына жол берілмейді. Жұмсақ ойыншықтардың жіктер мен тігістері берік болуы маңызды.
Ата-ана ойыншыққа қатысты нені білуі тиіс?
Әрбір ата-ана ойыншық сатып аларда ең алдымен таңбалануына мұқият қарауы керек. Ақпаратты оқығанда анық, жеңіл оқылатын, тексерілетін, қарағанда және сәйкестендіргенде қолжетімді болуы шарт. Таңбалану мынадай ақпараттармен қамтылады: ойыншық атауы, ойыншық өндірілген ел атауы, өндіруші, импорттаушының атауы мен орналасқан жері. Олармен байланысатын ақпарат, өндірушінің тауар белгісі, балалардың жасын анықтайтын, ең төменгі бала жасы, негізгі конструкцялық материалдар болуы шарт. Ойыншық күтімі, дайындалған мерзімі (айы, жылы), қызмет мерзімі немесе жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары болуы тиіс. Ойыншық таңбалануында көрсетілген ақпарат міндетті түрде мемлекеттік тілде болуы тиіс.
– Қазіргі кезде кездесетін ойыншықтардың көбінде жағымсыз иіс болады. Шеттері тым үшкір немесе өңделмеген, ұсақ бөлшектерден тұратын болып келеді. Өкінішке орай, мұндай ойыншықтар баланың қолына түссе өте қауіпті. Өйткені қолына ұстай отыра зақымданып қалады немесе ұсақ бөлшектерді жұтып қоюы әбден мүмкін. Сондықтан біз ең алдымен балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында ойыншықтарды сатып алған кезде олардың сәйкестігін растау сертификатын талап етеміз. Бұл өз кезегінде нарықта сапасыз тауарлардың санының азаюына әкеледі. Сонымен қатар ойыншықтарды үнемі залалсыздандырып отырамыз. Ал күнделікті тәрбиешілердің қолданатын құрал-жабдықтары өз қолымыздан шыққан көрнекіліктер, – дейді «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі Күлжамал Жолдасова.
Бала бағбанының пікірінше, ата-ана балаға шектен тыс қамқорлық жасауға құштар. Бұл қамқорлық арқылы үлкендер баланың еркін әрі дербес болуына кедергі келтіреді. Ал ойыншыққа келсек, ойын үшін жиырма бес емес, бес машинаның өзі жеткілікті. Егер машиналар көп жиналып қалса, бірнешеуін ғана қалдырып, қалғанын тығып қойыңыз. Кейін бала жалыққан соң, оларды басқаларымен ауыстырасыз дейді маман.
Ойыншықтан от шықпасын десеңіз...
Соңғы кезде ойыншықтардың сапасы жайында алаңдатарлық жағдай көп айтылуда. Тиісті мәліметтер бойынша бүлдіршіндердің қолындағы қуыршақтардың құрамында фенол, формальдегид секілді улы химикаттар анықталған. Бұл Қытайдың сапасыз ойыншықтарына қатысты қорытынды.
– Балаға қауіп төндіретін ойыншықтар көп. Иісі де бар. Бала болғаннан кейін ойнайды, оны міндетті түрде аузына салады. Қазір ойыншық алғанда ойланатын болдық. Себебі бала өміріне қауіпті ойыншықтар қаптап кетті. Қытайдың тауары балаларды улап жатыр. Мәселен, былтыр «Алматыда Қытайдың ойыншығы бүлдіршін ішегін тесіп жіберді» деген ақпарат тарады. «Неокуб» деп аталатын тырнақ ұшындай магнит бір баланы жазым ете жаздады. Ойыншық алуға келгенде көбіне ата-аналар баға арзан деп базарға барады. Бірақ құны төмен тауардың сапасына ешкім кепілдік бермейді. Ал арнаулы дүкендерде әр ойыншықтың өз сертификаты болуы тиіс. Оны талап етуге әр тұтынушының құқығы бар, – дейді екі жасар баланың анасы Әсем Олинова.
Иә, ойыннан да, ойыншықтан да от шығады деп осындайда айтады. Балаға жазым келтіретін ойыншықты ата-ана сатып әпермесе, ондай сапасыз ойыншықтың тамырына балта шабылары анық.
Түйін:
Кейде үлкендердің салғырттығынан ойыншыққа қатысты келеңсіз жағдайлар орын алып жататыны рас. Ал ойын, ойыншықтан от шығу әп сәтте. Сондықтан ұрпағының амандығын тілейтін ата-ана баланың ойын өсіретін ойын ойнатып, Қытайдың ойыншығымен емес, ұлттық нақыштағы ойыншықпен ойнатса деген тілегіміз бар.
Бибісара ЖАНӘЛІ