Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАҢЫЗҒА ҚАУІП НЕДЕН?

БАЛАҢЫЗҒА ҚАУІП НЕДЕН?


Дүниеге келген пер­зентін мәпелеп өсіріп, ешнәрсеге мұқтаж етпей бағып-қағу ата-ананың міндеті. Қарны тоқ, көйлегі көк бала еш уайымсыз, алаңсыз өседі. Десек те, баланың белгілі бір уақыты отбасынан тыс жерде өтетіндіктен, оның қауіпсіздігіне алдымен ата-анасы, сосын өзі жауапты екенін түсіндіру үлкендердің жа­­уапкершілігінде. Ең алдымен балаңызды неден қор­ғауыңыз керек, қауіп неден?

Бұл сауалға жауабыңыз да дайын болуы мүмкін. Яғни, кез келген дүкеннен балаңыз сатып алып, жейтін сапасыз тағамнан. Қазір бесіктен белі шықпаған баланың өзі ащы кириешки мен чипсонды құмартып жейді. Ал бұл дегеніміз бір түйір пайдасы жоқ, тек денсаулығына зиян әкелетін зат екені мәлім. Жақында әлеуметтік желіден кішкентай балаға іш құрылысына ота жасап жатқан дәрігерлерді көрсетті. Ота ішектен қатып қалған белгісіз затты алуға жасалған. Отандық дәрігерлер сәтті ота туралы бұл баланың үнемі зиянды тағамды пайдаланғаннан пайда болған бөгде затты алып тастау үшін жасалғанын айтады. Асқазанға түссе де қорытылмай, ішектерге жинала берген пластмасса тәріздес затқа айналып үлкейіп кеткен. Сондықтан ауырсынудың аяғы балаға шұғыл ота жасауға әкеліп соққан. Бұл бейнеролик көпке сабақ болсын деп таратылғанмен, әзірге ондай тағамнан бас тартып жатқандардың қатары азаяр емес. Десек те бала психологиясын зерттеуші мамандар балаға қауіпті болып саналатын тағамнан бөлек бала ұрлығын алға тартады. Бар болғаны он бес секундтың ішінде баланы алдап әкетуге болатынын дәлелдеп берген мамандар бұл қауіптің алдын алуға шақырады. Мұндай сұмдықты бұрын тек теледидардан көрсек, қазір шағын ауылдардан да бала жоғалғандығы туралы хабардар болып жүрміз. Баласынан педофилдердің кесірінен айырылған отбасылардың жағдайына қоғам бей-жай қарай алмайды. Себебі, бұл мәселе кез-келген отбасында орын алуы мүмкін. Сондықтан отбасынан бастау алатын тәрбиенің темірқазығын мықтау қажет. Бала қай уақытта да ата-анасына қарап, еліктеп өседі. Берген тәрбиені тоқу баланың санасына байланысты дегенмен бала балалығын істейді. Сондықтан олардың алдында теріс әрекетке барудан сақтаныңыз. Бала жастайынан жағымсыз оқиғалар көріп өссе, баланың санасынан оларды шығару қиынның қиыны. Ми қатпарында сіресіп қатып қалатын қара дақтар жақсылыққа жетелеуі неғайбыл. Осындайда баланың көңіл-күйін ұдайы назарда ұстап, қадағалау қажет.
Мақаланың барысында баланы алдап әкетуге небәрі 15 секунд жеткілікті екенін айттық. Бірде көгілдір экраннан осы мәселені дәлелдей түсетін арнайы бағдарлама көрсетті. Үлкен қалалардағы саябақта ата-анасының бақылауынсыз ойнап жүрген балақайларды бір ауыз сөзбен алдап, саябақ сыртына алып шығып бара жатқан эпизодтардың куәсі болған үлкендер жағаларын ұстады. Яғни, сәл оқшаулау ойнап кеткен бала әп-сәтте ниеті дұрыс емес адамның жетегінде кете барды. Баласынан мұндай әрекетке баратынын күтпеген ата-аналары бала психологиясы қандай нәзік екеніне көзі жетті.
– Бала жоғалу туралы ақпарат күн сайын телеэкраннан беріліп жатыр. Бұрын мұндай хабар айтылмайтын болса, қазір керісінше. Әрине отбасымызбен түгел отырып бұл оқиға туралы хабарды көреміз, балаларымызға да сақ болу жайлы ескертеміз. Ата-ана жауапкершілігіндегі баланың өз ортасында не істеп жүргенінен бейхабармыз. Қазір интернет – кез-келген бала үшін тиімді. Ол адамзат үшін зор қауіп. Оның ішінде әсіресе, адам өлтіру, зорлық-зомбылық, алдап-арбау, әлімжеттік жасағанына масаттану сияқты сорақы әрекеттердің неше түрлісін көріп өскен баланың психикасында да үлкен ауытқушылықтар болады. Сондықтан әр ата-ана баласын қадағалап, шектеу қойса, тәрбиеде осалдық танытпаса жамандық атаулы алыстар еді,-дейді көп балалы ана.
Мектептегі кезекті бір ата-аналар жиналысында балаға ұялы телефонға «шектеу» қою туралы пікір-талас болды. Сынып жетекшісі мектеп тәртібіне сәйкес оқушының мектепке ұялы телефон әкелмеуін талап етуде. Ата-аналар тарапынан талаптың дұрыстығы, қолдайтындығы айтылды. Дегенмен бір сыныптан бір-екі бала ғана талапты орындап, қалғандары бәз-баяғы қалпында мектепке ұялы телефонмен келеді. Сонда бала ата-анасының тілін алмауы отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінен бе деген сауал туады.
Бұрын баланы қалай тәрбиелейтін. «Әкең келе жатыр», «Әкеңнен сұра», «Әкеңмен ақылдас» деген сөздер баланың тәртібіне әсер ететін. Қазір ата-ана балаларын тым өбектеп кеткені шындық. Баланың аузынан шыққанын екі етпей, әр тілегін орындап, еркелетіп жіберген ата-ана баланың болашағын ойлап жатқан жоқ. Себебі баласының қазір қалай айтқанын істесе, өсе келе ол тілектері үлкейіп кете беретіні ойларына да кірмейді. Ондай бала өмірге икемсіз, мейірімсіз, енжар болатынын алдымен ата-ананың өзі түсінуі керек.
Қазір шын мәнінде әке де, шеше де жұмысбасты болып кеткен. Мемлекетке жұмыс істейтіндер басшылықтың тапсырмасы мен қағазбастылықтың көбейгенін айтса, жеке меншік кәсіп иелері ақша табудың, бай болудың жолына түскен. Таңертең мектепке кеткен баласын кешқұрым бір-екі сағат көретін ата-ана оның жағдайын сұрап, әңгімелесуге де уақыт таппайды. Өзін ешкімге керексізбін деп сезінген жасөспірім бос уақытын өз қалауымен өткізеді. Сондықтан қандай да бір қауіптің алдын алу үшін ата-ана өз міндетін ұмытпағаны жөн. Сонда ғана дүниеге өз кірпішін өзі қалай алатын азамат тәрбиелейтініміз анық.


Б.ЖАНӘЛІ
17 сәуір 2018 ж. 1 148 0