Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев – ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев – ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері

Бүгін Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлығы шықты. Жарлықта еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталғаны жарияланған.

Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.

Бүгін Ақордада Республика күніне орай өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөз сөйледі. Қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті. Еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алатынына назар аударып, өмір болған соң түрлі қиындық та кездесетініне тоқталды.

«Еліміз таңдаған даму жолынан ешқашан айнымайды. Мұны биылғы табиғи апат кезінде тағы да дәлелдедік. Алапат тасқын, шын мәнінде, еліміз үшін зор сынақ болды. Қаншама елді мекенді қарғын су басты. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, мал-мүлкін жоғалтты. Күрделі сәтте менің халыққа арнайы үндеу жариялағанымды білесіздер. Онда бір де бір адам ескерусіз қалмайтынын нақты айттым. Мемлекет сол уәдесін орындады. Қысқа мерзім ішінде 2700-ге жуық үй салынды. Баспанасын қалпына келтіру үшін 9 мыңнан астам отбасына өтемақы берілді. Сондай-ақ 6 мыңға жуық үй сатып алынды. Жаздан бері мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Мемлекет бүлінген инфрақұрылымның көпшілігін аз уақытта қалпына келтірді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұның бәрін қоғамның бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп бағалап, апат салдарын жоюға атсалысқандарға, әсіресе, құтқарушыларға, еріктілерге, кәсіпкерлерге және басқа да жанашыр азаматтарға алғыс айтты.

«Өзара тілеулестік пен қамқорлықтың арқасында сынақтан сүрінбей өттік. Шын мәнінде, біздің барлық жетістігіміз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтан бастау алады. Бұл – ұйысқан ұлт, мықты мемлекет болудың басты кепілі. Елде тұрақтылық болмаса, ешқандай даму болмайтынын қазір әлемде болып жатқан оқиғалардан анық аңғаруға болады. Өкінішке қарай, көптеген елдер алауыздық пен түрлі жанжалдың кесірінен тоқырауға ұшырап отыр. «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат. Біз елімізде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – ең алдымен, халқымыздың тұтастығы мен бірлігінің арқасы. Себебі, біз таңдаған жол – өркендеу мен даму жолы. Бүгінде оның жемісін барша азаматтарымыз көруде», – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевқа тапсырды.

Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.

Еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, өндірісшілер, теміржолшылар әулеттері құрметке бөленді.
23 қазан 2024 ж. 112 0