Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жанқожа батырдың 250 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті

Жанқожа батырдың 250 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті

Қазалы ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жанқожа батырдың 250 жылдығына арналған «Ұлт азаттығы қозғалысы және Жанқожа батыр» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған облыстың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен еңбек ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы конференция жұмысына сәттілік тілеп, тарихи тұлғаның ғасырдан ғасырға жеткен ерлік даңқы ешқашан ұмытылмайтынын айтты.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі», - деген еді.

Бүгін біз ұлы даладағы үш жүз жылға жуық тарихы бар ұлт- азаттық қозғалыстың көрнекті өкілі, отаршыларға қарсы Сыр бойындағы халық көтерілісінің басшысы, Алаш жұртының азаттығы үшін елдік туын көтерген қазақ даласының хас батыры - Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына арналған «Ұлт азаттығы қозғалысы және Жанқожа батыр» атты ғылыми-танымдық конференцияға жиналдық. Конференцияның ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!


Он тоғызыншы ғасырдың ортасына дейін қазақ жерінің негізгі бөлігі Ресей империясының қол астына енгені тарихтан белгілі.

Хандық биліктің жойылуы, жаңа әкімшілік басқару жүйесінің енуі, қазақтың құнарлы жерлерден айрылуы халықтың наразылығын тудырды.
Осындай қасіретті кезеңде Кенесары Қасымұлы, Сырым Датұлы, Есет Көтібарұлы секілді қолбасшылар халқымен бірге азаттық жолында күресті.
Сыр бойындағы Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтеріліс қазақ қоғамындағы ең ірі бас көтерулердің бірі ретінде тарихқа енді.


Дана халықтың төл перзенті, ең күрделі кезеңде өмір сүрген, ұлт азаттығы қозғалысының көрнекті басшысы болған Жанқожадай батырымызды еске алып, оның өмірі мен ерлігін дәріптеу – біздің азаматтық парызымыз.


Баба есімін ұлықтау мақсатында өңірімізде ауқымды шаралар ұйымдастырылып келеді.


Халық батырының 240 жылдығына орай облыс орталығындағы теміржол вокзалы алаңына еңселі ескерткіш тұрғызылды.

Қызылқұм беткейіндегі шекара заставасы, аудан орталығындағы басты көше баба есімімен аталды.


Қармақшы ауданындағы №269 орта мектепке, әр кезеңде Астана, Ақтөбе қалаларындағы орталық көшелерге есімі берілген.


Еліміздің азаттығы жолында жарқын істерімен, жанқиярлық ерлігімен өшпес із қалдырған Жанқожа Нұрмұхамедұлының асқақ рухы халқымен мәңгі бірге бола береді!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Конференцияны Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет жүргізді. Іс-шарада Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы және ұлт-азаттық көтеріліс (жаңа мұрағат деректері негізінде)», Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназ «1856-1857 жылдары Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған Сырдария шаруаларының көтерілісі. Себебі. Барысы. Бағалануы. Батырдың тағдыры» тақырыбында баяндама жасады. Ғалымдар ұсынған тың деректерге орай қатысушылар ой-пікір өрбітті.

Сонымен қатар, Парламент Сенатының депутаты, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Наурызбай Байқадамов, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы сөз сөйледі.

Мереке аясында батыр рухына тағзым ету рәсімі, «Елі үшін туған ер Жанқожа» атты театрландырылған қойылым, қазақ күресінен республикалық турнир, баба рухына арналған ас, «Халқына қорған болған батыр баба» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, Әйтеке би кентіндегі орталық стадионда Жанқожа батырдың 250 жылдығына және «Алтын күз-2024» мерекесіне арналған салтанатты шара, эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік гала-концерт өтеді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
20 қазан 2024 ж. 147 0