Құрылыс мәселелері бойынша мәжіліс өтті
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аймақтың құрылыс саласындағы өзекті мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға өңірде тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды салатын құрылыс компаниялардың басшылары шақырылды.
Жауапты тұлғалар елді мекендерде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй салу барысын баяндады.
Айта кетейік, облыс орталығы бүгінде қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістердің ордасына айналды. Биыл 187 құрылыс салынуда. Мемлекеттік қолдау мен ұлттық жобалар аясында қаржыландырудың барлық көзінен өңірімізде 869 мың 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Осылайша, тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті.
Мемлекеттік бюджеттен бөлінген 34 млрд. 100 млн. теңгеге 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Өңірде жыл басынан бері 750-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады.
Жыл басынан бері 1000 орындық Өнер орталығы, заманауи үлгідегі жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға берілді. "Қорқыт ата әуежайының" жаңа терминалы - жерлестеріміз үшін өте маңызды жоба. Жаңа нысан жақын күндері ел игілігіне табысталады.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде. Орталық 2025 жылы тамыз айында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту жобасы шеңберінде 623 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізіледі.
Биыл «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика мектеп-интернаты, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп ел игілігіне табысталады. Облыс орталығында Шығармашылық академиясының, көпбейінді аурухананың құрылысы салынуда. Қан орталығы пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынатын 27 нысанның өткен жылы 16-сы ел игілігіне табысталды.
Жыл соңына дейін 11 медициналық нысан пайдалануға беріледі.
Сол жағалауда Үстел теннисі орталығының, Орталық стадионның құрылысы қарқынды жүруде.
Барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін «Руханият» орталықтары, сол жағалауда жаңа өлкетану музейінің құрылысы бой көтеруде.
Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған Орталық алаң демеушілер есебінен жаңғыртудан өтті.
Алдағы уақытта елдің игілігі мен балалардың болашағы үшін жасалатын ауқымды жобалар жалғасын табады. Аймақ басшысы барлық жобаларды тиянақты жүзеге асырып, мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, жиында алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы талқыланды. Жауапты мекемелерге жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтап, барлық нысанның дайындығын қатаң қадағалау тапсырылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі