Мақсат – материалдық-техникалық базаны нығайту
Облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Тілеуімбетовтің өкімімен облыс аумағындағы құқық қорғау саласының қазіргі жағдайына зерттеу жүргізу және алдағы кезеңде назарға алынатын мәселелерді айқындау үшін жұмыс тобы құрылған. Өкімге сәйкес облыстық мәслихат депутаты, жұмыс тобының төрағасы Ә.Шаймағанбетов ауданға жұмыс сапарымен келіп, жиналыс өткізді.
Ә.Шаймағанбетов алдымен аудан әкімі Б.Сәрменбаевпен кездесіп, пікірлесті. Кездесуде ауданның құқық қорғау органдарының жұмыс сапасы мен алдағы жоспарлар туралы айтылды. Мұнан кейін облыстық мәслихат депутаты аудандық полиция бөлімінде болып, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетовпен және аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлымен бірге мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысты. Жұмыс сапары барысында аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында жиналыс өткізілді. Жиналысқа аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Қ.Асанұлы бастаған құқық қорғаушылар қатысты.
– Бүгінгі жиналыстың басты мақсаты – облыстағы құқық қорғау органдарының жағдайы туралы мәселені талқылау. Сондықтан материалдық-техникалық базаны нығайтуға қатысты ұсыныстарыңыз болса, айтыңыздар. Ұсыныстарыңызды алдағы сессияда көтеріп, жұмыс сапасын арттыруға атсалысатын боламыз. Негізі жұмыс тобында облыстық мәслихаттың депутаттары, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері Мақсұт Нәлібаев пен Аида Әбибуллаева да бар. Сондай-ақ облыстық полиция департаментінің ЖПҚ басқармасының полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция мойоры Е.Жанұзақов пен облыстық экономика және қаржы басқармасының мемлекеттік аппарат және құқық қорғау органдары бөлімінің бас маманы Е.Сейілханов та жұмыс тобының мүшесі болып табылады. Сырдария аудандық полиция бөлімінің жұмысын, материалдық-техникалық базасын мен жақсы білемін. Бөлімге қосымша ғимарат қосу арқылы жұмыс бөлмелерін көбейту мен кеңейту жөніндегі ұсыныстарыңызды қолдаймын. Ол үшін жоба-сметалық құжаттар әзірлеу керек, қосымша қаржы сұрап, бюджеттік өтінім дайындау қажет. Сол жұмыстарды ұйымдастырып, үйлестіру үшін аудандық полиция бөлімі тарапынан нақты әрі жазбаша ұсыныстар енгізулеріңізді сұраймын, – деді облыстық мәслихат депутаты, жұмыс тобының төрағасы Ә.Шаймағанбетов.
Жиналыс барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов материалдық-техникалық база нығайтылса, жұмыс сапасы мен өнімділігі де артатынын айтты. Сондай-ақ облыс аумағындағы құқық қорғау саласының қазіргі жағдайына зерттеу жүргізу және алдағы кезеңде назарға алынатын мәселелерді айқындаудың маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаты А.Ибрагимұлы полиция қызметкерлеріне жүктелетін міндет пен жауапкершілік қашан да жоғары екенін айтып, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мен қылмыстың алдын алу бағытында еңбек етіп жатқан тәртіп сақшыларының жұмысына сәттілік тіледі.
Жиналыста облыстық мәслихат депутаты Ә.Шаймағанбетов Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жөнінде де ой-пікір білдірді.
– Мемлекет басшысы саяси маңызы бар құжатта ел дамуы үшін маңызды 9 стратегиялық бағытты айқындап берді. Олардың қатарында ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру және қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру мәселелері бар. Бұған дейін талай тың жобаларды жүзеге асырып, бірлігімен де, тірлігімен де танылған облысымыз бұл жолы да жүйелі жұмысты ұтымды ұйымдастырып, Президент тапсырмасы сапалы орындалады деп сенемін, – деді Ә.Шаймағанбетов.
Жұмыс сапары соңында облыстық мәслихат депутаты, жұмыс тобының төрағасы Ә.Шаймағанбетов Тереңөзек кентінде орналасқан учаскелік полиция пункттерінің жұмысын көрді. Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары А.Төлеуов пен Жергілікті полиция қызметінің бастығы Қ.Көшекбаев атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, учаскелік полиция инспекторларын таныстырды.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ