Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қолдаудың шарапаты

Мемлекеттік қолдаудың шарапаты

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасының аймақта жүзеге асу барысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Үкімет мүшелері бастаған топ Айдарлы ауылында да болды.

Соңғы жылдары дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Айдарлы ауылында көне кәсіпті жаңғыртқан кәсіпкер бар. Еңбек ардагері Марияш Әлжанова киіз басып, түкті кілем, сырмақ тігеді. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы алған қаржыға цех ашып, 6 адамды жұмыспен қамтуда.

– Ұлттық бұйымдарға сұраныс қашан да жоғары болады. Өндіріске қажетті жүннен тапшылық жоқ. Өзіміздің ауылдан, көршілес Қоғалыкөлден қой мен түйе жүнін аламыз. Кәсіп өз алдына, ең негізгі мақсатым – жастарға ұлттық қолөнерді таныту, – дейді ол.

Тамара Дүйсенова қолға алынған жобаларды жоғары бағалады. Ауыл тұрғындарымен кездесу кезінде мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырды. Жастарға 2,5 пайызбен ұсынылатын жеңілдетілген несиелер, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға берілетін қайтарымсыз гранттар жайлы айтты.

– «Ауыл аманаты» бағдар­лама­сының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары қарастырылған. Ол туралы ауыл әкімдері түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Кездесу барысында облыстағы оң тәжірибелерді кеңінен тарату, өңіраралық байланысты нығайтудың маңызы жөнінде де айтылды.

– Әр облыстың әрине, өзіндік ерекшеліктері бар. Алайда, өзара байланыс арқылы бірлесіп жетістікке жетуге болары сөзсіз. Сайып келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмысын жақсартуға елеулі әсер етеді. Әр азаматтың, отбасының бақуатты болуы мемлекетіміздің тұрақтылығының кепілі екенін естен шығармайық, – деп қорытындылады Тамара Дүйсенова.


А.ИБРАГИМҰЛЫ

27 шілде 2024 ж. 363 0