Инженерлік мамандықтарға грант көбеюде
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 20 маусымнан бастап талапкерлерді оқуға қабылдау басталды. Университет бакалавриаттың 58, магистатураның 32 және докторантураның 13 білім беру бағдарламасы бойынша қабылдау жүргізеді. Жоғары оқу орнына түсуге талпынған талапкерлер аталмыш оқу ордасының 5 оқу ғимаратына барып университет қызметкерлерінен кәсіби кеңес ала алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Рекрутинг және мансап басқармасының басшысы Жандос Оразмаханов пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің комерцияландыру жөніндегі бөлімінің басшысы Нұржан Еділбаев мәлімдеді.
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне кәсіби бағдар беріп, олардың жоғары білім алуын сүйемелдеу мақсатында "Рекрутинг және мансап" басқармасы жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында да басқарма қызметкерлері Қызылорда қаласына қатысты 48 мектептің бітіруші түлектерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ, облысымыздың 7 ауданындағы 5 000-нан астам мектеп пен колледждердің бітіруші түлектерімен бірге 500-ге жуық ата-аналарға кеңес беру жұмыстарын жүргізді. Осы оқу жылында 55 университет гранты талантты жастарға арнайы байқаулардың нәтижесі бойынша табысталған болатын. Ал, биылғы мемлекеттік грант конкурсы барысында Қорқыт ата университетіне арнайы 305 педагогикалық квота, 220 техникалық квота және Жасанды интеллект институтына 100 грант бөлініп отыр,- деді Жандос Шынжырбайұлы.
– Талапкерлерді оқуға қабылдау бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, бакалавриат бойынша 20 маусым мен 7 шілденің аралығында Шығармашылық дайындықты талап ететін талапкерлерден құжат қабылданып, 8-12 шілде аралығында шығармашылық емтихан өткізіледі. Ал, ақылы негізде оқуға түсушілер 20 маусым мен 10 тамыз аралығында құжаттарын өткізіп, 10-15 тамыз аралығында шығармашылық емтихан тапсырады."Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша грант конкурсына қатысушылар QR код арқылы арнаулы емтиханды 1-12 шілде аралығында, ал ақылы негізде оқуға түсуші талапкерлер 5-20 тамыз аралығында тапсырады. Сонымен қатар, магистратураға түсушілер 1 маусымнан бастап Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі арқылы кешенді тестілеуге өтініштер қабылдануда. Ол 8 шілдеге дейін жалғасатын болады. 20 шілде – 10 тамыз аралығында тестілеу орталықтарында кешенді тест тапсырып, білім беру гранты конкурсына қатыса алады. Ал, докторантураға тапсыруға ниетті азаматтар 3 шілде мен 3 тамыз аралығында өз өтініштерін жолдап, 4-20 тамыз аралығында қабылдау емтиханы өтеді. Университетте білім алушыларды оқуға қабылдауға барлық жағдай жасалған, қабылдау барысында автоматтандыру цифрландыру жұмыстарына көңіл бөлінуде,- деді Нұржан Басқосқанұлы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі