Президент Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасын қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзерді қабылдады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы және CLASS Group компаниясы байқаушылар кеңесінің төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективасын талқылады.
Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі саналады. Сауда-экономикалық қатынастар қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ неміс бизнесі Қазақстандағы үлесін кеңейтуге қызығушылық танытып отыр.
Президент былтыр Қазақстанға Германиядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 64 пайызға өсіп, 770 миллион долларға жеткенін атап өтті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құру жөнінде ұсыныс айтқанын еске салды. Президенттің пікірінше, бұл орталық еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін барынша толық пайдалануға, инновациялық технологияларды енгізуге және оларды коммерцияландыруға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның аграрлық әлеуетін дамытуға CLASS зауытының қосқан үлесін жоғары бағалады.
Фото: akorda.kz