Ағылшын тіліндегі дебат
«Hello, friends! Today I was a jury at the district debate tournament». Сіз ағылшынша жазылған бұл сөйлемді түсінбей қалдыңыз ба? Бұл «Сәлем, достар! Бүгін мен аудандық дебат турнирінде жюри болдым» деп аударылады. Мұны біз оқушылар арасында өткізілген ағылшын тіліндегі дебаттан кейін қызығушылықпен жазғанбыз.
Бұл жолғы дебат өзгеше форматта ұйымдастырылды. Байқағандарыңыздай, дебат ағылшын тілінде өтті, яғни оқушылар өз ой-пікірін, ұстанымын ағылшын тілінде қорғады. Бұл аудан оқушыларының оқуда озат екенін және білімге құштарлығын, жан-жақтылығын білдіреді.
Дебат жарысын №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің бірлестігінің жетекшісі Гүлнара Өмірзақова бастаған бірлестік мүшелері Құралай Бөлегенова, Әйгерім Мейрамбекқызы, Камила Халданова, Жансая Кәрібаева бірлесе ұйымдастырды. Жарысқа аудан мектептерінің оқушылары қатысып, 7 топқа бөлінген жоғарғы сынып оқушылары өзара бақ сынасты. Оқушылардың талабын аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Ғалымжанқызы, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі А.Ыбыраева және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы А.Ибрагимұлы бағалады.
Оқушылар «Үштілділік саясаты тиімді немесе тиімді емес», «Киноиндустрия иделогиялық маңызды құрал немесе маңызды емес», «Атом станциясын салған дұрыс немесе дұрыс емес» және «Балалар арасындағы құмар ойындарға қатаң тыйым салған дұрыс немесе дұрыс емес» тақырыбында пікірталас жасады. Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына орта мектеп оқушылары Н.Жақсылық, Ә.Абатова ерекше үлес қосты. Оқушылар дебат талабын, ережесін, басты қағидатын түсіндіріп, сергіту ойындарын да ұйымдастырды. Ал Г.Келдібай тәуелсіз сарапшы ретінде қазылар алқасына көмектесті. Нәтижесінде жүлделі І орынды №130 Абай атындағы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сымбат Қалмағанбетованың шәкірттері жеңіп алды. ІІ орын №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектебінің оқушыларына бұйырса, ІІІ орынды №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінің оқушылары иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ белсенді топтарға аудандық білім бөлімі тарапынан Алғыс хаттар табысталды.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ