Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемді алаңдатқан Арал мәселесі шешіле ме?

Әлемді алаңдатқан Арал мәселесі шешіле ме?

Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап Арал аймағы «Экологиялық апат аймағына» айналды. Аз уақыттың ішінде жер бетінен аумағы 6 млн гектарға созылған, тереңдігі 69 метр теңіз жоғалып кетті. Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ екені анық, десек те сол табиғатты тоздырып, зардап келтіретін де – адам.

Атап айтар болсақ, су ресурстарын дұрыс пайдаланбау, экологияның өзгеруі сынды себеп-салдардан теңіз суы тартыла бастаған. Аз уақыттың ішінде бір өңірдің асаудай тулаған теңізі суалып, табаны қаңсып қалды. Әлемнің әр түкпірінде тіршілік нәріне қатысты экологиялық проблема көп. Соның бірі көлемі жағынан әлемде төртінші орында болған Аралдың қа­зір­гі күйі тым мүшкіл.

1993 жылы елімізде Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылды. Қор­дың бастамасымен бірқатар маңыз­­ды жұмыстар жасалғаны да аян. Бірақ Үлкен Арал 2014 жылы толықтай суал­ды. Арал мәселесі тек Сыр өңірі немесе Қазақстанның ғана емес, жарты әлемге кері әсерін тигізетін проблема. Аралдан ұшқан тұз түйіршіктерінің Антарктида, Гренландия, Тянь-Шань мұздықтарынан табылуы – сөзімізге дәлел. Ал бұл химикаттары бар тұз бен құм өз кезегінде адам денсаулығына өте зиян.

2005 жылы Көкарал бекеті салынып, солтүстіктегі кіші Арал құрғап кетуден аман қалды. Айтпақшы, осы ретте атқарылған жұмыс Аралды құт­қару­­дың қазақстандық тәжірибесі ата­нып, көп елге үлгі болды. Суалған теңіз­дің бір бөлігін сақтап қалып қана қой­май, су деңгейін көбейту расында да нәтижелі жұмыстың көрінісі.

Қазақстан биылдан бастап Халық­ара­лық Аралды құтқару қоры­на төрағалық етпек. Қордың ресми мәліметіне сүйенсек, бүгінде бірша­ма тұралап қалған экологиялық жағдай­ды жақсартуға болады. Ол үшін Арал теңізіне құятын қос өзен суын тиімді пайдаланудың маңызы зор. Бұл ретте алқаптарды тамшылатып суару әдісі­мен суарудың ұтымды тұсы көп. Одан кейін Үлкен Аралдың құрғап қалған табанына ыстыққа, құрғақшылыққа төзімді сексеуіл өсімдігін жерсіндіру қажет. Бұл әдіс бірнеше жылдан бері қолға алынып, нәтижесін көрсетіп келеді. Сондай-ақ ғалымдар Кіші Арал­­дағы суды көбейту үшін кезінде салынған бөгетті биіктету, тіпті мүм­кіндік болса, жаңадан биік әрі берік бөгет салу қажеттігін назарға алып отыр. Бірақ бұл – ең болмаса кіші Аралды құтқару әрекеті. Үлкен Аралдың арнасын суға толтыру бірнеше жылдың ішінде шешіле салатын мәселе емес, тіпті үміт аз. Тек құрғаған теңіздің зиянды тұзы мен құмын бір орында ұстап тұру үшін сексеуіл секілді ыстық­қа төзімді өсімдік пен ағаштарды жерсіндіру қажет. Мамандардың пікі­рін­ше, бұл өз кезегінде зиянды құм мен тұздың жер-көкке таралуының алдын алады.

Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен және USAID Халық­аралық даму агенттігі өңірлік мис­сия директорының орынбасары Моник Мосольфпен кездескен еді. Бас­қосу барысында бүгінде әлем ел­деріне ортақ ауқымды экологиялық мәселеге айналған Арал теңізінің жай-күйі сөз болды. Әлемдік қауымдастық Арал теңізінің тар­тылуын адамзат тарихындағы экологиялық дағдарыстың бірі ретінде бағалады. Сондай-ақ іссапарда Аралдың қазіргі жағдайымен және атқарылған жұ­мыс­тармен арнайы танысты. Айта кетейік, 2021-2023 жылдары USAID Халықаралық даму агенттігінің «Оазис» жобасы шеңберінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы экожүйені қал­пына келтіру мақсатында 150 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, көшеттер отырғызылды, 500 метр тереңдікте су ұңғымасы қазылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1,1 млн гектарға сексеуіл екпелерін егуді тапсырған болатын. Биыл 276,2 мың гектар аумақта осы бағыттағы жұмыстар жоспарланса, қазір 65 мың гектар ұлтанға 19,4 млн сексеуіл көшеті отырғызылған. Бұл көрсеткіш алдағы жылы 280 мың гектар алқапқа жеткізілмек. Өңірге жұмыс сапары барысында АҚШ елшісі облыстың су шаруашылығы нысандарымен, USAID Oasis жобасының жүзеге асырылу барысымен танысып, Америка мен Қазақстанның өзара тиімді әріптестігін әрі қарай дамытуға мүдделі екенін айтты. Және Еуроодаққа мүше 19 мемлекеттің елшілері Арал ауданына арнайы іссапармен барып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты.

Айта кетейік, Қазақстанда Аралды сақтауды қолдау мақсатында «Araldy Saqta» төлем картасы іске қосылды. Бұл қайырымдылық бастаманы Freedom Bank және Mastercard халықаралық төлем жүйесі қолға алып отыр. Аталған картамен төлем жасалғанда әрбір сатып алудан 10 па­­йызға дейін кэшбэк Қазақстандағы Халықаралық Аралды құтқару қорына аударылады. Freedom Bank бұл бас­таманы Freedom Holding Corp пен Қазақстандағы Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекция­сымен ынтымақтастығы шеңберінде іске асырды. Freedom Bank Директор­лар кеңесі төрағасының кеңесшісі Айдос Жұмағұлов картаның басқа да қыз­меттері мен негізгі мақсаты туралы айтып өтті. «Арал теңізінің құрғауы – үлкен қасірет. Су айдынын құтқарудың маңызы жоғары және біз де барлық қазақстандық сияқты теңіз тағдырына алаңдаймыз. Сондықтан Арал­ды құтқаруды қолдауға үлес қос­қымыз келді. Сондықтан Freedom Bank Mastercard-пен бірлесіп арнайы Araldy Saqta картасын шығару­ға бастамашылық етті. Оның артық­шылығы – қайырымдылық жарнасын жасау үшін әр уақытта осы ұйымдарды іздеу және аударым жасау үшін қосым­шаға кірудің қажеті жоқ. Сіз картаны бір-ақ рет ашасыз да, содан кейін әрбір сатып алуыңыздан жоғары кэшбэк автоматты түрде Қазақстандағы Халықаралық Аралды құтқару қорына жіберіледі. Мұндай бастамалар біздің ғаламшарымыздың осы бұрышын бо­ла­­шақ ұрпақ үшін сақтап қалуға көмек­теседі деп сенеміз» деді ол.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ia-centr.ru
20 сәуір 2024 ж. 213 0