«Отбасы банкінің» кеңес беру орталығы ашылды
Бүгінде өз қызметіне кіріскен кеңес беру орталығына Қызылорда облысы «Отбасы банкі» АҚ филиалы Сырдария ауданы бойынша арнайы 8 маманды бекіткен. Әрбір маман күн сайын кезекшілік кестеге сәйкес аудан тұрғындарына аптаның 5 күнінде кеңес беруге келеді. Сонымен қатар аудан бойынша арнайы маман Дінмұхаммед Қайырбеков тұрақты жұмыспен қамтылса, екі маман іс тәжірибеден өтуде.
– Филиал тарапынан мамандардың жұмысын үйлестіруге аға кеңесші Алмат Сағатбекұлы бекітілген. Алдағы уақытта аудан тұрғындары тұрғын үй мәселесі бойынша толғандырған сауалдарына мамандар сапалы жауап беретініне сенім білдіреміз, – деді «Отбасы банкі» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Әділжан Сәулебаев.
2020 жылдың 20 желтоқсанда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы болып қайта тіркелген. Қаржы ұйымының атауы Мемлекет басшысының 2020 жылдың мамыр айындағы тапсырмасына сәйкес өзгерген болатын.
Айта кетейік, аудан бойынша «Отбасы банкінен» 7 мың тұрғын депозит ашып, соның ішінде 313 адам тұрғын үйін жақсарту мақсатында несие алған.
– «Отбасы банк» АҚ – бүгінде еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын банк. Біздің банктің ұраны: Әрбір қазақстандықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Өткен жылғы Президент Жолдауына сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етуде аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға басымдық беру керектігі жөнінде айтқан болатын. Аудандардан 2024 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап тұрғын үй салынатын болады. Кеңес беру орталығының негізгі мақсаты – тұрғындарға баспана алу үшін депозиттік шотқа қанша қаражат салу керек, үйді алғаннан кейін төлем қабілетін өтеу үшін табыс қанша болу қажеттігі жөнінде, мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер мен алынатын үйлер жайында аудан халқына кеңес беру. Осы себепті Сырдария ауданынан филиал ашылуда. Яғни, аудан халқы Қызылорда облысындағы филиалға бармай-ақ, осы жерден тұрғын үйге қатысты сауалдарына жауап алатын болады, – деді аға кеңесші Алмат Сағатбекұлы.
Т.Шанжарханова