Ахуал Президенттің тікелей бақылауында
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, қалыптасқан ахуалдың өзінің тікелей бақылауында екенін айтты. Президент ең алдымен қарғын су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап көрді. Нақтырақ айтқанда, Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қалыптасқан жағдаймен танысты.
Президентке бүгінде 6 аудан мен Орал қаласын су басқаны баяндалды. Ресми деректерге сүйенсек, қарғын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжайға зиян келтірген. Ал су тасқынына қарсы шараларға 1911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына бірқатар облыстың құтқарушылары атсалысып жатыр. Бүгінде қарғын су басқан аумақтардан 6505-ден астам тұрғын көшірілген. Сәйкесінше жедел-эвакуациялау пункттер құрылған. Мұнан бөлек зардап шеккен азаматтарға біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының көлемі алдағы уақытта қайта пысықталуы мүмкін. Қазіргі таңда шығын көлемін көбейтпеу үшін су айдау, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында эвакуациялық пунктке де барды. Гуманитарлық көмекті тарататын пункттің жұмысымен танысқан Президент су тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен әңгімелесу барысында мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанын айтты. Президент шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын жеткізді.
– Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады. Ахуал менің тікелей бақылауымда, – деді Президент.
Кездесуде жергілікті тұрғындар Жақсыбай және Қалдығайты өзендеріне көпір салып беруді, сондай-ақ ауыл маңындағы бөгеттерді жаңғыртуды сұрады. Мемлекет басшысы аталған мәселе бойынша Үкіметке, облыс әкімдігіне тиісті тапсырма беретінін жеткізді. Сонымен қатар қарғын суды халықтың игілігіне пайдалану қажет екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы БҚО-дағы су тасқынына байланысты жедел штабтың отырысын да өткізді. Президент тиісті мекемелердің бәрі белсенді түрде жұмыс істеп жатқанын айтып, бірқатар аймақты қарғын су басып қалғанына тоқталды. Кейбір жерде тасқын су көлемі мен деңгейі көтеріліп жатқанын, бұл табиғи апат екенін атап өтті. Үкіметтің, салалық министрліктер мен облыс әкімдігінің алдында ауқымды міндет тұрғанын, қиындықтың бәрін бір ел, бір ұжым болып еңсеруге болатынын жеткізді. Қ.Тоқаев тасқын судың салдарын жою үшін нақты шаралар қабылданып жатқанына қарамастан жағдай әлі де өте күрделі екенін жеткізді.
– Мұндай көлемдегі тасқын бұрын-соңды болмаған. Ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Алайда қазіргі су тасқыны одан әлдеқайда ауқымды. Мен зардап шеккен аудандарды аралап шықтым. Апаттың ауқымын, шығынды көріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр желілері судың астында қалды. Жолдар мен көпірлер шайылып кетті. Барлық негізгі мәселе шешілгеннен кейінгі ең басты міндет – қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа типтегі үйлер салу немесе бұрыннан бар үйлерді реконструкциялау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деп ойлаймын. Ахуалдың ауыр екенін бұған дейін де айттым. Үкіметтің, Республикалық штабтың жетекшілігімен облыс әкімдері бұл міндетті дұрыс атқарады деп санаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы облыстағы ауа райы болжамының қолайсыздығын атап өтіп, су тасқыны жағдайының ушығуына дайын болу қажет екенін айтты. Сонымен қатар су тасқынының кері әсерін алдын ала ескертуге және жоюға бағытталған ұйымдастыру-алдын алу, инженерлік-техникалық, сондай-ақ шұғыл шараларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
– Елімізде тиісті сала мамандарының тапшылығы проблемаға айналып отыр. Аталған жағдай осы түйткілді анық көрсетті. Кезінде білім саласындағы бұл бағытты елеусіз қалдырдық. Енді олқылықтың орнын толтырып, гидротехник, ирригатор, жалпы су саласына байланысты мамандарды тез арада даярлауымыз керек. Табиғи және техногенді апаттардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдарға бақылау жүргізу құқығын беру керек. Мұны заң жүзінде бекіту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай әрекет етудің нақты алгоритмі әзірленбегенін қатаң сынға алды. Бұл құжатта төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге және дүние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі барлық құзырлы органның міндеттері мен іс-қимылы нақты қамтылуы керектігін ескертті. Жиын барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Әлімбаева баяндама жасады.
Мемлекет басшысы жедел штабтың отырысынан кейін құтқарушылармен және еріктілермен кездесті. Кездесуге ішкі істер органдары, Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық Ұлан қызметкерлерінен құралған құтқарушылар тобы және су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысып жатқан еріктілер қатысты.
Кездесу барысында Президент табиғи апатпен күреске атсалысқан барлық азаматқа ризашылығын білдіріп, олар бүкіл еліміз үшін өте маңызды, игі іс атқарып жүргенін атап өтті.
– Көп ұзамай бұл жұмыстар да аяқталады. Қиындықты қалайда еңсереміз. Осында еңбек етіп жүрген құтқарушылар, полицейлер, еріктілер лайықты деңгейде марапатталады. Бұл міндетті түрде менің бақылауымда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Біз мақаланы жазу барысында батысқазақстандық әріптестерімізбен байланысып, Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарының тұрғындарымен телефон арқылы пікірлестік. Тұрғындар Президенттің жұмыс сапарымен өңірге арнайы келгенін жақсылыққа балап, қабылданған шешімдер мәселелердің рет-ретімен шешілетініне сенім ұялатқанын айтты. Сонымен қатар қиын сәтте көмек беріп жатқан республика жұртшылығына алғысын білдірді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: Ақорда