Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қостанайлық қауыммен біргеміз

Қостанайлық қауыммен біргеміз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. Президент Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің өртті ауыздықтау, елді мекендердегі азаматтарды эвакуациялау және зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндамаларын тың­дады.

Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккен азаматтармен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет қиын жағдайды еңсеру үшін барлық шараларды қабыл­дайтынын айтты. Қостанай облысына жасаған жұмыс сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайды жоюға атсалысқан азаматтарға жасаған ерлігі үшін алғыс білдіріп, олар наградалар мен сыйлықтарға ұсынылатынын жеткізді.

Қостанай облысында 2 қыркүйек күні ірі орман өрті басталып, айтып келмейтін алапат бірнеше күнге созылып, толық басылған жоқ. Соңғы мәлімет бойынша өртті сөндіруге 159 техника, 5 тікұшақ, 5 өрт сөндіру пойы­­зы және жеке құрам тарапынан 1332 адам жұмылдырылған.

Тілсіз жау желдің күшімен ауыл­дарға жалындап, тұрғындар дер кезін­де эвакуацияланған. ҚР Төтенше жағ­дай министрі Юрий Ильин мәлім еткендей, өрт Озерный ауылынан өтіп, 8 үй мен әкімшілік ғимаратты және Лесной ауылынан 1 үйді, Аманқарағай ауы­­лынан 98 тұрғын үй мен қора-қопсыны жалмаған. Осы күні аталған 3 ауылдан 1841 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Мұнан басқа ауыл шаруашылығы да­қыл­дарының егістік учаскелері зардап шеккен.

ҚР Төтенше жағдайлар бірінші ви­це-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, облыста 43 мың гектар орман шаруашылығы өртке оранған. 10 адам зардап шеккен, 1 адам қайтыс болған. 98 үй тұтастай жанып кеткен. Бір мезетте үй-жайынан айырылған тұрғындарға психологиялық көмек көр­сетуге мамандар жұмылуда. Бұл – әсі­ресе, егде жастағы қарияларға, жас балаларға үлкен көмек және олардың күйзеліске түсіп кетпеуі үшін жасалып жатқан іс-шаралар.

Үйсіз қалған азаматтарға алдағы уақытта жаңа баспана салынып бере­тіндігін Үкімет басшысы Әлихан Смайлов мәлім етті. Сонымен қатар елі­міздегі 2 екінші деңгейлі банктердегі өрт кесірінен зардап шеккен тұрғындардың несиесі жабылдатындығын хабарлады. Олар – «Halyk Bank» және «Jusan Bank». Қайырымды істің басынан табылған «Halyk Bank» мұнан басқа зардап шеккен әр отбасыға 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетпек. Бұл қаржы – баспанасынан айырылған адамдардың ес жиып, бірінші кезекте тұрғын үй жалдауға, қажет ететін киім-кешекке, азық-түлік сатып алуға мүмкіндік әрі материалдық көмек.

Табиғи апат салдарынан зардап шеккен қостанайлықтарға көмек көрсету үшін жер-жерден гуманитарлық көмек қабылдау пунктері ашылды. Бұл ретте, «AMANAT» партиясының мүшелері белсенділік танытуда. Олар 312 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын, тазалық құралдары, құрылыс материалдарын жергілікті тұрғындардан да қабылдауда. Бұл іске «Жастар рухы» жастар қанатының мыңдаған еріктілері жұмылды. Сонымен қатар жас­тар қанатының мүшелерінен құралған еріктілер алғашқы тобы зардап шек­кендерге көмек көрсетуге және қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін Қостанай облысына аттануда.

Қостанай өңірінде орын алған тө­тенше жағдайға байланысты сырбойы­лықтар да гуманитарлық көмек көрсету жұмысына атсалысуда. Зардап шеккендерге «AMANAT» партиясы облыстық филиалынан, Қызылорда қаласы, 7 аудан және Төретам кентінде барлығы 9 гуманитарлық көмек қабылдау пунктері ашылды. Мұнда кез келген азамат өзінің көмегін жеткізе алады.

«ТТ» ақпарат
06 қыркүйек 2022 ж. 407 0