Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәресінің берекеті

Сәресінің берекеті

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла Тағаланың атымен бастаймын. Ең әуелі, әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға мақтау-мадақтарымыз болсын! Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке салауат-сәлеміміз болсын!

Негізінен рамазан айының қасиеті ерекше саналады. Әрбір адамның қуатын арттырып, жүрегіне мейірім ұялататын оразада ауыз бекітудің айрықша сауабы мол. Бүгінде күллі мұсылман қауым аста-төк тағамнан тыйылып, қасиетті айда өз қалауымен барынша тазару үстінде.


Өз кезегінде біз таңмен таласа тұрып, сәресі ішудің мол берекетін көпшілікке ұғын­дырғымыз келеді. Рамазан айы келгенде қойылатын ең басты сұрақтардың бірі – сәресін ішіп, ауыз бекіту мәселесіне байланыс­ты екені даусыз. Ауызашарға келер болсақ, әрине бұл жағынан кедергі бола бермейді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Бұхари мен Муслимде келген хадисінде айтылғандай: «Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады», – демекші, барша адамның асыға күтетін уақытымыз да осы ауызашар уақыты. Бірақ сәресіне тұруға келгенде қиындық туындайтын кездер жиі кездесіп жатады. Сондықтан оқырманға сәресіне тұрудың өзіндік мол сауа­бы жөнінде бірнеше хадисті ұсынғанды жөн көрдік.


Біріншіден, Амр ибн Астан жеткен хадисте Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Біздің оразамыз бен кітап иелерінің (християн, еврей) оразасының арасындағы негізгі айырмашылық – сәресін ішу», – деп айтты» деген (Муслим). Екіншіден Әнәстан жеткен хадисте Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Сәресін ішіңдер! Өйткені, сәресі уақытында ішілген аста береке болады» – деп айтты» деген. (Бұхари, Муслим). Үшіншіден, Ибн Омар Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізген: «Расында Алла және Оның періштелері сәресіне тұрушыларға салауат айтады» (Табарани).

Ескере кететін жағдай, сәресі уақытында ұйықтап қалып жатсақ, тұрған уақытымызда ештеңе ішпей, жемей оразамызды жалғастыра беруге болады. Бірақ, әрбір адам сәресінде тұрып, ең болмаса бір жұтым су ішіп, бір тілім нан жеп ауыз бекітуге өзін үйретсе, керемет нығметтерге ие болады екен. Сәресінде берекет бар дегені – әрбір ісімізге, ырзығымызға, өмірімізге, жасаған дұғамызға және т.б. берекет келеді дегені. Ойлап қарасаңыз, біз жай ғана сәресін ішіп жатырмыз, бірақ, Алла және оның періштелері бізге салауат айтады. Алланың өзі періштелерімен бізге дұға етсе, неткен ғажап десеңізші…

Құрметті аудан жұртшылығы! Баршаңыз­ды келіп жеткен қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын! Осындай қа­сиет­ті болған айда тұтқан оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алла Тағала баршамыздың отбасымызға амандық, деніміз­ге саулық, жасап жатқан іс-кәсіптерімізге береке берсін!

Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
Сырдария аудандық орталық «Мұсылмандар» мешітінің
бас имамы
19 наурыз 2024 ж. 157 0