Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Батырхан Шүкеновке арналған «Отан-Ана» байқауының жеңімпаздары белгілі болды

Батырхан Шүкеновке арналған «Отан-Ана» байқауының жеңімпаздары белгілі болды


Қызылорда қаласында әнші-композитор Батырхан Шүкеновті еске алуға арналған «Отан-Ана» республикалық әншілер байқауы мәресіне жетті. Бас жүлде Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласынан келген Ерік Төленовке бұйырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өнер байқауында еліміздің бірқатар өңірлерінен келген 16-30 жас аралығындағы 130-дан астам жастар сынға түсті. Олар алғашқы кезеңінде еркін тақырыпта ән шырқаса, келесі кезеңде Батырхан Шүкеновтің репертуарынан бір ән орындады. Әділқазылр алқасының құрамында композитор, продюсер Ринат Гайсин, әнші-композитор Рүстем Нұржігіт, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дильназ Ахмадиева және продюсер, Б.Шүкенов атындағы қордың директоры Олжас Байқанов болды.
Айта кетерлігі, байқауда минусовкада бэк-вокалды қолдануға рұқсат берілген жоқ. Бұл өнерпаздардың табиғи дауысын, шынайылығын әділ таразылауға мүмкіндік туғызды.
«Батырхан ағамыз әрдайым жастарға үлгі бола білді. Бүгінгі байқауда қобалжығаным рас. Өйткені, ол кісі орындаған әндер - деңгейі өте жоғары туындылар», деді байқаудың бас жүлдесін иеленген Е.Төленов.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Гүлнар Көшеноваға бұйырса, екінші орынды ақтөбелік Айымбек Сартуков алды. Үздік үштікті Индира Бәйімбетова түйіндеді. Өзге де өнерпаздарға арнайы марапаттар табысталды.
«Оның жұлдызды өмірі бізге өнерге деген қызметтің жарқын үлгісін көрсетті. Батырханның еңбексүйгіштігін барлығымыз өнеге тұтамыз», деді Р.Гайсин.
Біз бұдан бұрын Батырхан Шүкеновтің еш жерде орындалмаған 13 әні жинақталған жаңа альбомы жарыққа шығатынын хабарланған едік.
Бүгін, 18 мамырда түстен кейін Қызылорда қаласында Б.Шүкеновке арналған ескерткіш ашылады деп күтілуде.
18 мамыр 2018 ж. 947 0