Бетперде режимі қайта енгізіле ме?
Ағымдағы жылдың 8 ақпан күні Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова «Ауа тамшылары арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы» қаулыға қол қойған болатын. Қаулыға сәйкес еліміздің бірқатар өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарында 8 ақпаннан бастап маска режимі енгізілді.
Араға екі жыл салып елімізде медициналық бетперде тағу режимі қайта оралды. Бас санитарлық дәрігердің сөзінше бұл қаулыны қабылдаудың басты мақсаты COVID-19, қызылша және тұмау сияқты вирустық инфекциялық аурулардың таралуын шектеу және алдын алу болып табылады. Медициналық бетперде тағу режимі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында, медициналық мекемелерде, халық көп шоғырланатын орындар мен қоғамдық көліктерде маска тағу міндеттеледі.
«Осы қаулының іске асырылуын өзім қадағалаймын. Ол қабылданғаннан күннен бастап әрекет етеді» делінген бас санитардың қаулысында.
Мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта республикадағы барлық облыс «жасыл аймақта». Жұқпалы аурулардың асқыну жағдайы туралы фактілер тіркелмеген. Өткен жылдың желтоқсан айы мен 2024 жылдың қаңтар айын салыстырғанда елімізде коронавирусқа байланысты жағдай 2,5 есе өскен. Алдыңғы қатарда Алматы қаласы болса, екінші орында Астана қаласы тұр. Қаңтар айында Шымкент қаласы бойынша коронавирустық инфекциямен 10 адам ауырса, ақпан айының басында 12 адам тіркелген. Ал қызылша ауруымен ауырғандар саны 1,3 есеге төмендеген екен. Мамандардың кеңесі бойынша, егер адам өзін мазасыз сезінсе, үйге жедел-жәрдем шақырып, ем алып, тек денсаулығы жақсарған соң ғана қоғамдық орындарға шыққаны дұрыс.
Өз кезегінде «ауа арқылы берілетін инфекциялық аурулардың алдын алу» жөнінде және өңірдегі ахуал бойынша Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Самалбек Өмірбаев:
– Қазақстан Республикасы халқының арасында ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың (қызылша, COVID-19 коронавирус инфекциясы, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар) таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 8 ақпандағы «Ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы» №2 Қаулысы қабылданды. Аталған Қаулыға сәйкес Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, аумақтық департаменттеріне медициналық ұйымдарда персоналдың және келушілердің медициналық маскаларды пайдалануын, антисептиктердің болуын, сондай-ақ халық арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының, тұмаудың және ЖРВИ профилактика шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Бұдан бөлек, халықтың көп жиналатын жерлерінде (әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО-ы, банктер және т.б.), көліктің барлық түрлерінде (қоғамдық көлік, әуе, темір жол көлігі) медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға ұсыным берілді. Бүгінде аймақта коронавирус індетінің эпидемиологиялық ахуалы тұрақты деп бағаналуда. Дегенмен, халық арасында ауа арқылы берілетін инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы қабылданды, – дейді қабылданған қаулы туралы.
Бір айта кететіні, шектеу шараларын енгізу жоспарда жоқ. Осы тұста, соңғы айда КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуінің байқалғанына байланысты, сонымен қатар ЖРВИ-мен және тұмаумен сырқаттанушылық эпидемиясы маусымының жалғасып жатқанын ескере отырып, көпшілік жиналатын жерлерде, қоғамдық көлікте, медициналық мекемелерге барған кезде, науқаспен байланыс кезінде маска кию ұсынылады. Бас санитардың сөзінше әзірге аймақта эпидахуал тұрақты. Дегенмен көктем мезгілі жіті респираторлық вирустық инфекциялардың, тұмаудың белең алатын кезі. «Сондықтан сақтық шаралары қаперіңізде болған жөн» дейді мамандар. Өзгерістер бойынша еліміздің барлық өңірлерінде қабылданған қаулыға байланысты тиісті шаралар мен жұмыстар жүргізіліп, халық арасында кеңінен түсіндірілуі тиіс.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото: Ашық дереккөзден