Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызмет сапасында мін болмауы керек

Мемлекеттік қызмет сапасында мін болмауы керек

Мемлекеттік қызметтерді көрсету – мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының құрамдас бөліктерінің бірі. Өйткені адам дүниеге келгеннен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен тығыз байланыста болады. Мәселен туу туралы куәлікті алудан бастап азаматтың қайтыс болуы туралы анықтамасын беру де көрсетілетін мемлекеттік қызметтер қатарына жатады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қыз­мет алушылардың уақытын үнемдеу, әкімшілік кедергілермен қағазбастылықты жою мақсатында елімізде электронды көрсетілетін қызметтердің үле­сі артуда. Бұл жұмыстар облысымызда да жүйелі ұйымдастырылуда. Нақтырақ айтар болсақ, облыс бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелер арқылы 395 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. 2023 жылы қызмет беруші мекемелер тарапынан 6 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Оның 5 млн 151 мыңға жуығы – жергілікті атқарушы органдармен, 871 мыңнан астамы аумақтық мемлекеттік органдармен көрсетілген. Осы ретте біз атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиевтің пікірін білдік.

– Электронды түрде қызметтер алу үлесі 2022 жылы 97,8 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2023 жылы 98,2 пайызға жетті. Қазақстан Республикасының Мемлекет­тік көрсетілетін қызметтер туралы Заңына сәйкес кез-келген тұлға мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға және қызметті берушінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы. Мемлекеттік қызметтерді көрсететін органдар үшін өз қызметінің сапасын арттыру, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуы басты қағида болуы тиіс. Дегенмен, кейбір қызмет көрсетуші мекемелер тарапынан мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың бұзылуына жол беретіндігі жасырын емес. Былтыр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қарауына 57 шағым түскен. Оның 19-ы бойынша департамент тарапынан жоспардан тыс тексеру тағайындалып қаралса, 22-сі құзыреттілігі бойынша жолданды. Ал 16 шағым, шағым иесінің өтінішхатымен тоқтатылды. Жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 3 азаматтың уәжі өз дәлелін тауып, бұзылған құқығы қалпына келтірілді, – дейді департамент басшысы.

Айта кету керек, аталған шағымдардың басым бөлігі жер учаскелерінің табысталуына және әлеуметтік қамсыздандыру саласына қатысты. Мәселен «Елді мекендер шегінде объекті салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін көрсету бойынша облыс орталығы тұрғынының шағымы негізінде Қызылорда қаласы әкімі аппаратына, қалалық сәулет және қала құрылысы, ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімдеріне жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Департамент басшысы тексеру барысында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан келісуші органдарға қызмет алушының құжаттарын 111 күнге кешіктіріп жолдау бойынша мемлекеттік қызметті көрсету тәртібінің бұзылғандығы анықталғанын айтады.

– Тексеру барысында қалалық жер қатынастары бөлімі тиісті шешім жобасын қала әкімі аппаратына жолдамағаны белгілі болды. Яғни, қызмет көрсетуші мемлекеттік органдар қызмет көрсету мерзімін сақтамай, қызмет алушының құқықтарын бұзған. Аталған факті бойынша қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жауапты маманына тәртіптік жаза қолданылса, қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде департамент тарапынан енгізілген ұсыным негізінде қызмет алушының құқықтары толық қалпына келтірілді, – дейді Ерлеген Мендалиев.

Негізі 2022 жылдың шілде айынан бастап азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында орын алған бұзушылықтарды анықтау функция­сы агенттікке берілген. Сондықтан Қызылорда облысы бойынша департаменті тарапынан мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне қашықтықтан мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде қызмет алу процестері кезіндегі заңнама нормаларының бұзылу фактілері мониторинг арқылы бақылануда. Мұнан бөлек қызмет алушының шағымынсыз-ақ азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы қашықтықтан бақылау тәртібімен 132 бұзушылық анықталған. Ал оның 39-ы мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзу фактісі. Осы ретте мемлекеттік органдардың басшыларына 21 әкімшілік хаттама толтырылып, бюджет кірісіне 724 500 теңге айыппұл өндірілгенін де айта кеткеніміз жөн. Жалпы былтыр қашықтықтан мониторинг жасау жұмыстырының нәтижесімен 6 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілген.

Қорытындылай айтқанда, мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі мерзімінде көрсету және оларды көрсету нәтижесімен қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы – мемлекеттік аппараттың тиімділігін бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі болып қала бермек. ҚР Мемлекеттік қызмет істе­рі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев «мем­лекеттік қызметтерді көрсету барысындағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуы алдағы уақытта да департаменттің жіті бақылауында болады» дейді.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: Ашық дереккөзден 
03 ақпан 2024 ж. 157 0