Келеңсіздіктің салдары орасан
Өткен аптада Қызылорда қаласындағы «ВіАі Кызылорда» аяқ киім дүкенінде ұйымдастырылған акция кезінде келеңсіз жағдай орын алған болатын. Бұл ретте, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сауда дүкенінде болған жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізіп, көпшілік арасында резонанс тудырған мәселені өз назарына алған еді. Өз кезегінде аудан көлемінде сала мамандары сауда орындарын аралап, түсіндірме жұмысын жасады.
Арнайы ұйымдастырылған іс-шарада аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов, әдіскері Әділет Қуанышұлы, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары, полиция капитаны Еркебұлан Әбілдаев пен Қуандық Ережепбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері азаматтық қорғау лейтенанты Әлихан Мұхтар сауда орындарының иелеріне акция өткізудің ережесін түсіндірді. Ең алдымен, Тереңөзек кентіндегі «Серікбол» дүкеніне барып, резонансқа алып келетін жағдайлардың алдын алу іс-шаралары көпшілікке жан-жақсы насихатталды. Сонымен қатар Қызылорда қаласы мен аудандарда арнайы филиалдары ашылған «Technodom» сауда үйінің менеджерлерімен жолыққан сала мамандары акцияның өткізілу тәртібіне тоқталды. Ал «Береке» сауда дүкенінің иесі Сұлушаш Ақниязова акция өткізілер алдында ескерілетін ережені мұқият ұстану керектігін жеткізді. «Қасым-Жомарт» дүкенінде тауар сатып алушылар заң барлық азаматқа бірдей екендігін жеткізіп, келеңсіз оқиға қатысты өз ойларын айтты.
– «ВіАі Кызылорда» аяқ киім дүкенінде орын алған жағдайды жан-жақты таразылап, жергілікті кәсіпкерлерге алдын-алу іс-шарасын түсіндіру мақсатында арнайы топ құрылды. Облыс әкімінің пәрменімен, аудан әкімінің тікелей бақылауымен Тереңөзек кенті бірнеше елді мекенде сала мамандары тиісті заңдылықтар жөнінде сауда үйінің иесіне кеңінен ақпарат берді. Алдағы уақытта мұндай іс-шара жалғасын табатын болады, – деді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов.
Балтабай ОРДАБЕКОВ