Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсының жақсылығын айт...

Жақсының жақсылығын айт...

«Болар істің басына, жақсы келер қасына» демекші, игі ісімен көпшіліктің алғысы мен ризашылығына бөленіп, Атымтай жомарт атанған жандар бар арамызда. Дархан көңілімен көпшілікке қолынан келгенше жәрдем беретін Дархан Шағыров аға туралы бұрын да естуіміз бар. Қолға қалам алып, кәсіпкер туралы кеңірек толғануымызға аудандық мәслихат депутаты Марат Бакуовтың әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бөліскен ойы түрткі болды.

«Қазақтың көбіне кісі есімі ретінде жүретін «Дархан» деген көркем бір сөзі бар. Филология ғылымдарының докторы Телқожа Жанұзақтың «Қазақ есімдерінің анықтамалығында» Дархан есімі туралы «Көне түркі жазба ескерткіштерінде атақ, дәреже ретінде кездеседі. Махмұд Қашқари, Әбілғазы баһадүр еңбектерінде мағынасы 9 түрлі кінәдан босатып, ерік, кеңшілік берілген, хан ордасына еркін кіріп-шыға алатын және бұл ерік 9 атасына дейін кететін адам. Біріккен тұлғалары – Дарханбай, Дәркенбай» деп жазады. Сонымен қатар тілімізде «Дархан» сөзі жомарт, мәрт, қолы ашық деген ұғымдарды да білдіреді. Дархан дала, дархан ел, дархан өмір, дархан көңіл, дархан жан деген қаншама сөз тіркестері – тіліміздің байлығы. Ал біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – Шағыров Дархан Әлиұлы деген азамат» деп басталған жазбада кәсіпкердің ауыл тұрғындары үшін игі істерге бастамашы болып жүргендігі айтылыпты. Әрине, жарияланған жазбаға кейіпкеріміз туралы жылы лебізін пікір ретінде қалдырғандар саны да жетерлік. Көпшілік пікірінен дархан көңіл жанның нағыз азамат екенін аңғардық.

Дархан Әлиұлы – негізінен Тереңөзек кентінің тумасы. 2019 жылдан бастап Қалжан ахун ауылдық округіндегі «Сүндетбай» шаруа қожалығының төрағасы қызметін абыроймен атқарып жүрген азамат шағын елді мекеннің сайы мен қырын жақсы біледі. Ауылды көркейту мақсатында әркез игі істің басы-қасынан табылып келеді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кәсіпкер жыл басталысымен жақсы іске бастамашы болып, көпшілік алғысына бөленіп отыр. Ол ауылдық мешіттің жанынан салынып жатқан асхана ғимаратының құрылысына 1 млн 600 мың теңге қаржы бөлген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде «Кім жер бетінде Алла үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» дейді. Осы ретте мешіт ғимаратына аса қажетті құрылыс асхана салу жұмысына үлес қосқан кәсіпкердің жақсылығы өзгелерге үлгі боларлықтай деуге негіз бар.

Бір бұл емес несібесін жер анадан теріп, алты ай жаз егіс басында маңдай термен еңбек ететін азамат өткен жылы ауыл тұрғындары арасында «Ахун арық» аталып кеткен «Ескі Бостандық» каналының арнасын аршып, тазалау жұмыстарына қаржы бөлген еді. Сондай-ақ былтыр ауыл клубы алдындағы балалар ойын алаңын жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат жұмсаған. Кәсіпкер жыл сайын «Мектепке жол» акциясына қолдау көрсетіп, одан бөлек оқушылардың жазғы демалысын ұтымды ұйымдастыруға өз үлесін қосып келеді. Шағын шаруашылық жұмысын жандандырып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырғанын да тілге тиек ету орынды. Өз кезегінде жомарт жан ауыл адамдарына көмек қолын созып, ардагерлерге де қолдау көрсетуді назардан тыс қалдырмайды. Шама-шарқы жеткенше айтулы мерекелерде көпшілікті қуантуға атсалысып жүр.

– Шаруашылық жұмысының шет жағасы өздеріңізге де таныс болар. Шаруа адамы алажаздай күннің ыстығы мен қолайсыздығына қарамай арпалысып жұмыс жасайды. Сондағы мақсат – жер анадан мол өнім алу. Осы ретте мезгілдік жұмыстар наурыз айынан басталып, қыркүйекке дейін созылады. Қыс кірмей, күн суытпай өнімді жинап аламыз. Жұмыстың реттілігіне орай шығындар жабылғаннан кейін пай үлесі ретінде жерге үлескер ауыл тұрғындарына 4 қаптан күріш үлестіреміз. Немесе бұл үлес қалауына сәйкес қаржылай да беріледі. Жалпы біздің шаруашылық шағын шаруашылықтар қатарында. Десек те, Аллаға Шүкір, сәтінше өнім алып, несібемізді жерден теріп келеміз. Қалған қаржыдан ауылымыздың гүлденуі үшін көмек қолын созып жүрген жайымыз бар. Бұл адамдық әрі азаматтық парызымыз. Өзіміз туып-өскен мекенге үлесімізді қосып, қолымыздан келгенше тұрғындарға жайлы жағдай жасауға тырысамыз. Қолдан келгенше қайырымдылық шараларын жандандыруды көздейміз, – дейді кәсіпкер бізбен әңгімесінде.

Иә, «бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген сөз осындайда ойға оралады. Шағын ғана шаруашылық жұмысын шыр айналдырып отырса да, барынша халыққа болсын деп жүрген азаматтың шынайы дархандығына ауыл тұрғындары дән риза. Қайырымдылық – адам бойындағы ең жағымды қасиеттердің бірі. Дархан көңілді Дархан ағамыздың ісі кімге де болса үлгі-өнеге. Игі ісімен көпшіліктің ақ тілеуіне ие болған азаматтың кәсібіне береке, деніне саулық тілейміз.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
27 қаңтар 2024 ж. 266 0