Тәртіпке бағынған құл болмайды
Қоғамдық көлікте адамдарды тығылыстырып мінгізіп алған жағдайға бір рет болсын кездескен боларсыз. Мұндай жағдай қалалық жерде жиі орын алады. Иә, адам көп, көлік келіп болмайды. Елдің бәрі асығыс, діттеген жерге уақытылы бармасаң, тағы болмайды. Сондайда қоғамдық көлікке әрең қыстырылып мінгеніңе қуанатын кездер болады.
Бұл ең алдымен заңға қайшы іс-әрекет екенін білесіз бе? Көлік жүргізушісі бұндайға жол бермеуі қажет. Тек қана күнделікті жүріп жатқан қоғамдық көліктер емес, көп адамға шақталған машиналарға да орын санынан артық адам алуға тыйым салынады. Бұндай жағдай заңнан бұрын адамдарға қауіп төндіруі мүмкін.
Көлікті ойлап тапқан адам да күші қанша адамды, қанша салмақтағы жүкті артуға жеткілікті екенін алдын ала бағамдайды. Тіпті қоғамдық көліктің ішінде де арнайы ескерту парақшасы ілініп, онда орындықтар санынан артық жолаушы мінуге болмайтыны жазылып тұрады. Бірақ көп жағдайда бұл ескертпеге қарап жатқан ешкім жоқ. Біріншіден, бұл техникалық тұрғыда қауіп төндірсе, екіншіден көпшіліктің тығылысып тұруынан қысым пайда болып, денсаулығында мәселе бар адамдарға кесірі тиюі мүмкін.
Қоғамдағы осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында ауданда «Тасымалдаушы» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Қаңтар айының 11-інен басталған іс-шаралар айдың ортасына дейін жалғасын таппақ. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушы тасымалдаушылардың қатысуымен орын алатын көлік оқиғаларының санын және олардың зардаптарының ауырлығын төмендетуді мақсат еткен жұмысқа аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылуда. Мамандар өз кезегінде жолаушыларды заңсыз тасымалдап жүрген көлік құралдарын анықтап, жолын кесу бағытында жұмыстарды атқаруда.
– Жолаушы тасымалдаушылардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының санын және зардаптарын азайту мақсатында жүргізіліп жатқан жедел профилактикалық іс-шара барысында сала мамандары тынымсыз жұмыс жүргізуде. Тәртіп сақшылары жол ережесін бұзбау, қауіпсіздікті сақтау қағидаттарын жүргізушілерге түсіндіруде. Қоғамдық көлік жүргізушісі бір сәтте өзінің ғана емес, қаншама адамның өміріне, қауіпсіздігіне жауапты екенін естен шығармағаны абзал. Ал тұрғындардан осындай жағдайға тап болса, құқық қорғау орындарына хабарлауды сұраймыз, – дейді Сырдария АПб-ның ЖПҚб-ның ППт қызмет инспекторы полиция аға лейтенанты Ерлан Сарымбаев.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ