«Сырдария» өзенінің бойынан сең өтті
Негізінен, облыс аумағында қыс-көктем айларында «Сырдария» өзенінен су тасу қаупі болатыны жасырын емес. Шындығында, дария бойын жағалай орналасқан жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарға алынған. Жалпы, аудан бойынша 11287 адам эвакуациялауға жатады. Сонымен қатар су басуға ықтимал елді мекен қатарына Тереңөзек кенті, «Узтоп» және «Соркөл» учаскесі белгіленген. Өз кезегінде бірнеше күн бойы аудан көлемінде сең өту барысы ойдағыдай өткізілді.
Сең жүру кезінде сала мамандары бақылауды барынша күшейтті. Мәселен, Тереңөзек кентінде «Сырдария» өзенінен 293 куб су өткен. Негізінен, «Қараөзек» арнасына 66 куб су жіберілген. Апта басында «Әйтек» су тоспасынан сең толық өткен. Ал Тереңөзек кентінен 8 шақырым жоғары орналасқан «Ысқаққайыр» учаскесіндегі сеңнің жүруі ұдайы сала мамандарының қадағалауында болған. Сырдария ауданы әкімдігінің және «Сырдариясушар» мекемесі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тарапынан мұз ұстасуы мүмкін аумақтарға тұрақты бақылау орнатылған.
– Өткен жылы су тасқынын болдырмау мақсатында бірқатар іс-шара мен оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Аудан көлемінде су басу аймақтарындағы қауіпті учаскелерге 8 мекеме, 34 техника, 222 адам бекітілген. «Сырдария» өзенінің бірқатар қауіпті учаскесіне арнайы кезекшілік ұйымдастырылған. Бірнеше шаруа қожалығы мен жеке тұрғындарға «Ескертпе хат» таратылды. Өз кезегінде толықтай жабдықталған техникалар жан-жақты дайындыққа келтірілген. Қай кезде де төтенше жағдай орын алмас үшін күшейтілген режимде жұмыс жасауға мүдделіміз. Ең бастысы, жергілікті халықты қауіпсіз аймаққа орналастыру мәселесіне көңіл бөлеміз. Ауданымызда су басу қаупі төмен. Себебі, қазіргі уақытта «Шардара» су қоймасынан төменгі ағысқа 250 текше метр су жіберілуде. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Шардара» су қоймасында жиналған су көлемі өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда екі есеге жуық аз екендігін атап өткен жөн. Және «Көксарай» су реттегіші осы жылдың 5 қаңтарынан бастап 100 текше метр су қабылдауда, – деді Сырдария ауданы әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Қайрат Қуандықов.
Алдағы уақытта су басу қауіпін сейілту мақсатында кешенді іс-шараға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіле береді.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ