Қыс «шілдесі» қашан?
«Шілде» сөзі, жалпылай айтқанда, бір нәрсенің асқан бір сипатын беру мақсатында да қолданылады. Мысалы, қыс шілдесі дегенді естіп көрдіңіз бе?
Қаңтар айының екінші жартысына сәйкес келетін бұл кезеңде қыс қаһарына мініп, сақылдаған сары аяз болады деп күтіледі. Халық есепшілері үркер мен ай арасындағы бұрыш тіктөртбұрыш жасап орналасса, қыс шілдесі басталады деп есептеген. Бірнеше күнге созылатын бұл уақыт аралығында ауа райы күрт суып, мал мен жанға жайсыздық туғызады. Әсіресе, шаруа адамдарына сақылдаған сары шұнақ аязда еңбек ету оңайға соқпасы анық.
Биылғы қыс басталар алдында синоптиктер «Биыл жиырма жыл бұрын болған жылы қыс күтіледі» деп болжам жасаған еді. Расында да қыстың екінші айының қақ ортасына кірсек те, әлі күнге қалың қар түспеді. Ара-тұра қылаулаған қар еріп, ерте көктемдегідей лайсаң күн халықты әбігерге салуда. Жаңбырлы әрі жылы қыс айларында вирустық аурулар өршитіні тағы бар. Қыс болған соң сақылдаған аяздың болуы да жөн дер едік. Бір жағынан қыстың құрғақ болуы жердің құнарын кемітіп, келесі жылғы егіннің дұрыс шықпауына әсер етуі мүмкін.
Синоптиктердің болжамынша, қыс күшіне енді мінеді. 2023 жыл соңғы сегіз онжылдықтағы ең ыстық жыл ретінде танылса, биыл ауа райы өзгеруі мүмкін. «Температураның жоғарылауы Эль-Ниньо құбылысымен байланысты болады. Бұл экваторлық Тынық мұхитындағы судың беткі қабатының температурасының ауытқуымен байланысты жылыну» дейді мамандар.
Қаңтар айында елімізде ат құлағы көрінбейтін борандар соғады. Солай болуы орынды да. Оңтүстік өңірде жылы ауа райы барынша сақталғанымен, жан-жағымыздағы аяздың ызғары бізге де әсер етпеуі мүмкін емес. Тұрғындарға алдағы күндері бірнеше градус төмен ауа райы күтілетінін ескерткіміз келеді. Қыстың басында бір аптадай уақытқа созылған аязды күндер өткені есімізде. Қыс қаһарына енді мінбек.
Деректерге сүйенсек, қаңтардың ең қатты бораны 18-нен 19-ына қараған түні орын алады. Бұл уақытта қасқырлар жұптасады екен. Соған орай бұл түн әлемдегі барлық заттың тазару түні деп есептеледі. Әсіресе су ең таза деңгейге жетеді делінеді. Сол уақытта аяғы ауыр келіншек суға шомылса, дүниеге келетін нәресте қасқыр жүректі батыр болады деп ырымдаған. Көпті көрген көнекөз қариялар бұл уақытты «бөрі сырғақ» деп атаған.
Метеорологтардың болжамынша, қаңтар айында еліміздің ауа райына атлантикалық циклондар әсер етеді. Сондықтан республиканың басым бөлігінде жауын-шашын, солтүстік өңірде қар жаууы ықтимал. Қаңтардың бірінші онкүндігінің соңы мен екінші онкүндігінің басында антициклонның күшеюімен түнде температура 18 градусқа дейін төмендеуі бек мүмкін. Алдын ала болжамға сәйкес ауа райы жиі өзгермек. Тұман мен көктайғақ ықтималдығынан тұрғындарға қауіпсіздік сақтау қажеттігін ескертеміз.
Айтпақшы, қаңтар өткен соң да арқаны кеңге салуға ерте. Себебі, ақпан айында да бет қаратпайтын суық, қарлы борандар орын алуы мүмкін. Әсіресе, ақпан айының соңында көктемге орын бергісі келмей мезгілге таласқан қыстың қаһары ерекше болатыны бар.
Күн қаншалықты суыса да, ең бастысы, көңілдер суымасын. Тұрғындарға барынша қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертіп, қыстан қысылмай шығуды тілейміз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден