Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңбүйірлі үшбұрыш: Газбен жүретін автокөліктерге белгі қою міндеттелді

Теңбүйірлі үшбұрыш: Газбен жүретін автокөліктерге белгі қою міндеттелді

Жаңа жылдан бастап елде орын алған жаңашылдықтың бірі автокөліктерге қатысты болып отыр. Оның ішінде, 1 қаңтардан бастап газбен жүретін көліктерге арнайы белгі орнату міндеттелді. Көлік жүргізушілеріне бұған дейін де ескертілген жаңа ережені орындамағандар енді айыппұл арқалайды. Газбен жүретін, бірақ көлігінде «GAS» белгісі жоқ жүргізушілерге 3 АЕК немесе 11 076 теңге айыппұл салынады.

Арнайы белгі – жиегі қара түсті және «GAS» деген жазбасы бар сары теңбүйірлі үшбұрыш. Бұл белгіні орнатуды міндеттеудегі басты талап – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Әрі жабық паркингтерге ережені бұза отырып көлігін қоятындарды бірден анықтауды мақсат етеді.

Жалпы елімізде автокөліктерді газбен жүруге жабдықтау соңғы 10 жыл көлемінде жүзеге асырылып келеді. Газ бағасы бензин бағамынан әлдеқайда арзан. Бірақ солай екен деп такси құны арзандап жатқан жоқ. Керісінше, бензинмен жүрсе де, газбен жүрсе де қоятын бағасы бір, қалтаңды қағып барады. Таксистердің де өз уәжі жоқ емес.

Хош, ресми деректерге сүйенсек, елдегі 380 мың көлікке газ орнатылған. Бірақ газға ауыстыратын техникалық станциялар қызметі заңмен реттелмеген. Есесіне, жыл сайын түрлі апатты жағдайлар орын алуда. «Көлікті газбен жүруге жабдықтайтын техникалық станциялар барлық қауіпсіздік талаптарын сақтамайды. Салдарынан кейде машиналар жарылып, адам өліміне әкеліп жатыр. Ал газбен жүретін көлік қатары жыл санап артып келеді. Сондықтан заң жүзінде реттеуге кірістік. Алдымен осы белгіні енгіземіз. Кейін газбен жабдықтайтын мекемелерге талапты күшейтіп, құрал-жабдықтарды сертификаттау процесін бақылауға алмақпыз» дейді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қ.Елікбаев.

Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегіне сүйенсек, жылына елдегі екі мыңнан астам автокөлік өртке оранып, адамдар зардап шегеді. Былтырғы есеп бойынша 176 машина жарылған. Тіпті адам шығынына әкелген жағдайлар да бар. Саралай келгенде көліктің ешқандай рұқсатсыз бензиннен газға ауыстырылғаны және қауіпсіздік шаралары сақталмағаны белгілі болған.

Жаңа ереже газбен жүретін көлікті шектеуді мақсат етпейді, әрине. Тек арнайы мамандарға белгі бірден көрініп тұруы керек. Одан кейін газдың қауіптілігін ескерген көпшіліктің қандай көлікке мінуіне таңдау жасауына ыңғайлы. Содан кейін газбен жабдықталған көліктің қауіпті орындарға қойылмауын қамтамасыз ету де маңызды.

Айтпақшы, 2024 жылдан бастап сұйылтылған газ бағасы да көтеріледі. Энергетика министрлігі газдың бөлшек саудадағы шекті бағасын бекітті. Шекті баға аймақтар бойынша әртүрлі. Бір айта кетерлігі, әр облыстың шалғай аудандары үшін, яғни облыс орталықтарынан 200 шақырымнан асса, шекті баға 5 теңгеге қымбат болады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
09 қаңтар 2024 ж. 280 0