Құрылыс саласының өзекті мәселелері қаралды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс саласында жұмыс істейтін мекеме өкілдерімен кездесіп, алдағы жоспарларды пысықтады.
Аймақ басшысы Сыр өңірі соңғы жылдары құрылыс қарқыны бойынша республикада алдыңғы қатарда екенін атап өтіп, биыл да осы оң тенденцияны сақтауға шақырды.
«2023 жылы 177 жобаны жүзеге асыруға 87,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артты. 2024 жылы 110 нысанды салуға 94,5 млрд. теңге бөлінді. Қаражат жыл аяғына дейін едәуір көбейетін болады. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңіріне деген ерекше қолдауының нәтижесі.
Өткен жылдың қараша айында Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің бастамасымен Қызылорда облысында құрылыс және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде республикалық жиын өтті. Жиынға министрліктің, республикалық мекемелердің басшылары, барлық өңірден құрылыс және энергетика саласына жетекшілік жасайтын облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты. Онда өздеріңізбен бірге атқарылған жұмыстар таныстырылып, біздегі оң тәжірибе басқа аймақтарға да таратылуы керектігі айтылды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі өңірдегі құрылыс нысандарының жобаларын талдайтын кеңес жұмысын қайта жандандыруды тапсырды. Еске салсақ, аймақ басшысының тапсырмасымен құрылыстардың тиімділігін әрі сапасын қадағалайтын арнайы кеңес құрылды. Онда салынатын нысанның сапасы, орналасатын жері, халыққа қажеттілігі жан-жақты талқыланып, тиімділері ғана қолдау таппақ.
Жиында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төралиев құрылыс нысандары бойынша баяндама жасады, ал облыстық бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Ғанижан Қалиев салынған нысандар сапасы туралы айтты.
Кейбір құрылыс нысандарында кемшіліктер кездеседі. Ғимараттардың әрлеу жұмыстары, қолданылған материалдары сапасыз болғандықтан, мердігер мекемелерге тиісті нұсқаулар берілді. Нұрлыбек Машбекұлы «Отбасы орталығы» мен демеушілік арқылы жүзеге асқан «Анаға тағзым» орталығы өте сапалы салынғанын атап өтті. Алдағы уақытта құрылыс нысандарын табыстайтын барлық мердігерлерден осындай нәтиже күтіледі және талап етіледі. Сондай-ақ, аймақ басшысы әрбір жаңа құрылыстың сапасына қала және аудан әкімдерімен қатар салалық басқарма басшылары да жауапты екенін ескертті. Нысанның орналасқан жеріне, тұрғындарға қолжетімді болуына, кент және ауылдық аймақтардағы көшелермен үйлесім табуына қала және аудан әкімдері тікелей жауапты екенін назарға салды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі