Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2024 жылы не өзгереді?

2024 жылы не өзгереді?

Көзді ашып-жұмғанша 2023 жыл да өз мәресіне жетіп, жаңа 2024 жыл бастау алмақ. Әр жылдан жаңашылдық пен жаңа табыс күтетін халық жыл сайын елімізде өзгерістер орын алатынынан да хабардар. Ендеше келер жылы ел азаматтарын қандай өзгерістер күтіп тұрғанын сараптап өтсек.

Жаңа жылдан бастап елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін берілетін жәрдемақы көлемі артады. Бірінші топ – 95496 теңге алса, екінші топқа 76397 теңге, ал үшінші топқа 52089 теңге беріледі. Сонымен қатар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін жәрдемақы мөлшері де белгіленген мөлшерде өзгеретін болады. 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес ең төменгі жалақы мөлшері – 85000 теңгені құрамақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Жиналған ақшаны баланың 18 жасқа толғаннан кейін ғана алуға мүмкіндігі бар. Оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға жұмсау мүмкіндігі қарастырылған. Тұрғын үй сатып алушыға ел аумағында ғана мүмкіндік қарастырылса, бұл қаржыны шетелде білім алу үшін де пайдалануға болады.

Айта кетейік, келер жылдан бастап мектеп бағдарламалары да жаңартылмақ. Жалпы, білім беретін пәндер мен бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерін таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде.

Келесі жылдан бас­тап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін арнайы әлеуметтік төлемдер енгізу жос­парлануда. Бұл ретте, қызметкердің өнеркәсіп пен салаларды дамытуға қосқан үлесі мен денсаулығына келтірілген зиян дәрежесі ескеріледі.

Мұнан бөлек шағын және микро бизнесті тексеруге арналған мораторий тоқтатылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында айтып, Үкімет алдына нақты тапсырма қойған болатын. Осылайша, бақылаудың барлық салаларында тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілмек.

Еске салсақ, 2019 жылы Бірыңғай жиынтық төлем жобасы уақытша қабылданған еді. Ол жылдық табысы 4,1 миллион теңгеден аспайтын азаматтар үшін енгізілген болатын. Осы төлем жобасы келер жылдан бастап жойылады.

Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаң­та­рынан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жылдар аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталады. Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етілетін болады.

Ерекше айтып өту қажет, 2024 жыл­дан бастап Қазақстанда «9-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Жыл сайын 8 мың қазақстандық бұл бағдарламамен бас­па­наға ие бола алады. Мұнан бөлек Қазақстанда автокөліктерді сақтандыру құны да өзгереді. Енді автокөлікті сақтандыру бағасы әр өңірге бөлек бекітіледі. Компания­лар жылына бір мәрте сақ­тандыру құнын түзетіп отыруға құқылы. Сондай-ақ газ жабдығы бар көліктер арнайы сәйкестендіру белгісін орнатуға міндетті. Леп белгісі және «GAS» деген жазуы бар сары түсті үшбұрыш нышан газ баллонды жабдығы бар көліктердің барлығына жапсырылуы тиіс.

Әлбетте әр жылдың өз ерекшелігімен қатар мемлекетте де түрлі жаңашылдық пен өзгеріс орын алып жатады. Халықтың жайлы әрі сапалы өмір сүруі бәрінен маңызды. Ең бастысы жаңа ұлу жылы хал­қымыз үшін тыныш әрі жақсы жаңалықтарға толы болғай!
          
                                                                                                                        
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
30 желтоқсан 2023 ж. 373 0