Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құбылаға құрмет – мұсылманға міндет

Құбылаға құрмет – мұсылманға міндет

Құбыла сөзі әрбір мұсылман үшін аса маңызды. Тіпті бұл ұғым тек діни құлшылық ету үшін бет түзейтін бағыт ғана емес, жол нұсқайтын бағдаршам ретінде де қолданылады. Сондықтан құбыланың бағытын қалай анықтауға болатыны кімге де болса қызықты. Оның үстіне ата-бабаларымыздың құбылаға құрметпен қарауды міндеттегені тарихтан мәлім.

Құбыланың бағыты адамның тұрған орнына байланысты әртүр­лі болады. Мысалы, еліміздің шығыс жағы мен оңтүстік аймағындағы жамағат күнделікті намазын батысқа және оңтүстік-батысқа қарап оқиды. Ал Кас­пий бойы аймағындағы халық барынша оңтүстікке қарай бұрылады. Мұның сыры намазды Қағбаға қарап оқу жөніндегі парызға байланыс­ты. Осы ретте қасиеттi Мекке қаласында орналасқан Қағба ғимаратының бағытын мұсылмандар құбыла деп атайды.

Бірден айту керек, құбыла – Қағ­баның ғимараты емес, оның тұрған жері. Бұл жерден аспанға дейiнгi сол аралық құбыла деп аталады деген сөз. Сондықтан теңiз және құдық түбiнде немесе биiк тау мен ұшақта намаз осы бағытқа бет бұрып оқылғанда құбылаға қарап құлшылық етілген болып саналады. Адамның екі көз қыры арасындағы бұрыш Қағба бағытына сай болса, оқылған намаз сахих (дұрыс) болады деп есептелінген.

Негізі құбыла бағыты белгісіз болса, мейілінше зерттеу керек. Қазіргі дамыған заманда ақпараттық технологиялардың да берер мүмкіндігі көп. Оның үстіне ол екінің біріне қолжетімді. Ең қа­ра­пайым тәсіл ретінде «Qibla Loca­tor» жүйесін айтуға болады. Смартфон арқылы жүктеп алуға болатын жүйе арқылы құбыла бағытын оңай табуға болады. Бұл қызмет арқылы құбыланың бағытын онлайн карталардан да, компас­пен де табуға болады екен. Себебі ол орналасқан жеріңіздің құбыла дәрежесін автоматты түрде көрсетіп береді. Жалпы, онлайн құбыланы табу қызметтері орналасқан жеріңіз бен Қағба арасын жасыл сызық арқылы көрсетіп береді.

Намаз оқитын кісіге бейта­ныс жерде құлшылық етпес бұрын құбыланы іздеу парыз амал болып саналады екен. Дегенмен іздеу нәтижесінде құбыла бағыты шамамен қате болса да, намаз дұрыс оқылған болады. Намаздың құбыла бағытына сәйкес емес, яғни бұрыс оқылғаны белгілі болса, онда оны қайтадан оқу керек. Алайда жол жүргенде немесе тікұшақ пен пойызда кетіп бара жатқанда бұл мәселеге жеңілдік қарастырылған. Ұшақ пен автобуста орындығының отырған бағытына қарап намаз оқуға рұқсат етіледі. Ұшақта, пойызда және сапарға шыққан автобуста намаздың қиям, рукуғ және сәжде парыздарын толық орындауға шама келмесе, отырып, ишарамен орындауға да болады. Қатынас көліктерінде оқылатын парыз, уәжіп намаздардың парыздары (құбылаға қарау, қиям, рукуғ, сәжде т.б.) мүмкіндікке қарай толық орындалуы керек. Ал нәпіл және сүннет намаздарда құбылаға қарау, қиямда тұру міндет емес.

Ата-бабаларымыз ықылым заманнан құбыла ұғымына ерекше құрметпен қараған. Құбылаға әдейі аяқ созуды Ханафи мәзһабы макруһ санаған. Себебі бұл әдепке теріс қылық. Ұйықтағанда яки басқа бір жағдайда аяқты құбылаға қарата созып жатуға болмайды. Тіпті бұл харамға жақын мәкрүһ деп те бағаланған. Осы ретте «Барлық нәрсенің ең жақсы және ең дұрыс түрі бар. Отырудың ең жақсысы – құбылаға қарап отыру» деген хадистің бар екенін қаперде ұстағанымыз дұрыс.

Әрбір амалға, іс-әрекетке ерекше мән беріп қараған балаларымыз құбылаға қарап дәрет сындыруға болмайтынын да өсиет еткен. Құбылаға қарап дәрет сындырған адам аурушаң болады, жазылмас дертке шалдығады деп санаған. Бұл құбылаға деген құрметтің белгісі. Ендеше, ықылым заманнан қалыптасқан осынау үлгілі үрдістерді өзіміз орындап, өзгелерге де үлгі еткеніміз абзалырақ болатыны анық.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: ашық дереккөзден
26 желтоқсан 2023 ж. 279 0