Бас жүлде иеленді
Ауданымыздың тумасы, айтыскер-ақын Нұрмат Мансұр республикалық айтыстың бас жүлдесін иеленді. Бабы мен бағы қатар шапқан ақын Сарысу ауданының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыста абыройға кенелді.
Сарысу – қарт Қаратауды жағалай қоныстанған Жамбыл облысының құрамындағы үлкен аудан. Биыл 95 жылдығын атап өтіп жатқан ауданнан елге белгілі талай тұлғалар түлеп ұшқан. Олардың қатарында жазушы, прозаик Берік Шаханұлының, Италияның Милан қаласындағы «Ла Скалада» ән шырқаған тұңғыш қазақ Амангелді Сембиннің, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бердібек Бейсеновтің есімі құрметпен аталады.
Бірлігі мен тірлігі үйлескен ауданда «Сарысу – жанымның шуағысың, таусылмасын мәңгілік қуанышың» атты республикалық айтыс өтті. Айтысқа елімізге белгілі ақындар қатысып, ауданның тарихын, бүгінгі жетістіктерін, елдің тойын мәнді де мағыналы сөздерімен жырға қосып, халықтың көңілінен шықты.
Әділқазылар алқасының шешімімен аламан айтыста жүлделі үшінші орынды сарысулық Талғат Құсайынов пен шымкенттік Біржан Байтуов иеленді. Жүлделі екінші орынға қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов ие болса, бірінші орынды Байзақ ауданынан келген Алтынкүл Қасымбекова қанжығаға байлады. Ал аламан айтыстың бас жүлдесін Сырдария ауданының тумасы Нұрмат Мансұр жеңіп алды. 1 млн теңгелік сертификаты бар бас жүлдені Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов пен айтыстың бас демеушісі «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Құдияр Омаров табыс етті. Барлық ақын арнайы Алғыс хатпен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Аудан төрінде өткен аламан айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Маралтай Райымбекұлы, «Әулиета – Медиа» ЖШС директоры, журналист Оралхан Дәуіт, Жамбыл облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, халықаралық айтыс-ақындары, жыршы-термешілер одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков, айтыскер ақын Айтмұхаммед Исақов, ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Күміс Сәрсенбаева, ақын Үміт Битенова қазылық етті.
– Айтыс жоғары деңгейде өтті. Сарысу халқының аты да, даңқы да еңбекпен шыққан берекелі аудан екен. Еңбегімізді бағалап, бас жүлдеге лайық көрген барша тілектес азаматтарға айтар алғысым шексіз. Биыл қасиет қонып, бақ дарыған Қызылорда облысының 85 жылдық мерейлі мерейтойы аталып өтілуде. Сондықтан бұл жолғы марапатымды Сыр өңірінің айтулы мерейтойына тарту ретінде ұсынғым келеді. Себебі қай тарапта, қай талапта жүрсек те сырбойылықтар біздің тілеуімізді тілеп, қолдау көрсетіп, шабыт сыйлайды. Айтыста жүлделі екінші орын алған Мұхтар Ниязовты да шын жүректен құттықтаймын, – дейді Нұрмат Мансұр.
Ауданымыздың ғана емес, облысымыздың абыройын асырып, мерейін көтерген жерлесіміз Нұрмат Абдоллаұлын біз де құттықтап, газет ұжымының және оқырмандарымыздың атынан шығармашылық сәттілік тілейміз.
А.Құрманайтегі