Медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері талқыланды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және алдын алу мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік орган қызметкерлері міндетін адал атқаруы керектігін атап өтті.
«Президентіміз мемлекеттік қызметте ашықтық әрі қолжетімділік қағидалары бірінші кезекте екенін баса айтуда. Әлеуметтік салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, өрескел заң бұзушылықтарға жол бермеуіміз керек. Шын мәнінде, денсаулық сақтау – ең ауқымды сала. Осы кезге дейінгі нәтижелі жұмыстардың арқасында салада оң динамика бар. Өткен жылмен салыстырғанда өлім-жітім көрсеткіші 4,8 пайыз, ана өлімі жағдайы 79, сәби өлімі 1,2, туберкулезден аурушаңдық 8,5 және одан өлім-жітім көрсеткіші 14,2 пайыз төмендеген. Дегенмен, жүрек қан-тамыр ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайыз, қатерлі ісіктерден болатын аурушаңдық көрсеткіші 8,7, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 16,4 пайыз өскен. Жасыратыны жоқ, қоғамда медициналық қызмет алуға қатысты сын-ескертпелер аз емес», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков облыстық медициналық мекемелерге жүргізген сыртқы талдау нәтижелерін таныстырып, тәуекелдерге тоқталды. Мұнан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков сыбайлас жемқорлықты жою және алдын алу бойынша атқарған жұмыстарын баяндады.
Жиын барысында анықталған кемшіліктер талқыланып, оларды жою қадамдары белгіленді.
Комиссия отырысын қорытындылай келе, аймақ басшысы әрбір тұрғын сапалы медициналық көмек алып, мемлекет ұсынған игілікті пайдалануы керек екенін атап өтті. Осыған орай, басқарма жетекшілік ететін мекемелерінде жемқорлық фактілерін анықтап, тәуекелдерді болдырмау үшін қажетті шараларды қолға алуы тиіс. Жиында бюджет қаражатын жоспарлау мен игеруге, мемлекеттік сатып алуға, медициналық қызмет көрсетуге жасалған сыртқы талдаудан соң анықталған фактілерге орай нақты шешімдер қабылдау тапсырылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі