«9-20-25» баспана алам десеңіз . . .
Баспанаға мұқтаж жұрт сарыла күтіп жүрген «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасы 2024 жылдан бастап іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл туралы жақында Үкімет басшысы Ә.Смайлов мәлімдеген болатын. Артынша Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Отбасы Банк» өкілдері де бұл ақпаратты растап, бағдарламаның шарттары мен халық үшін тиімді тұстары туралы кеңінен ақпарат берді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов келесі жылы «9-20-25» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін 8 мың отбасы баспаналы болатынын мәлімдеді.
– Халық тарапынан қолдау тапқан бағдарлама – «7-20-25» болатын. Бірақ оны іске асыру үшін көп қаражат керек. Ұлттық банк өз лимитін қойды. Ал бұл лимит сұранысты қанағаттандыруға жеткіліксіз. Енді Ұлттық банк осындай шектеу қойғасын біз, «Отбасы банкі» мен «Бәйтерек» ұлттық холдингімен бірлесе қосымша тағы бір бағдарламаны әзірледік. Ол – «9-20-25» бағдарламасы. Яғни, тұрғын үйлер 9 пайызбен 25 жылға беріледі. Ал алғашқы жарна 20 пайызды құрайды, – деген Үкімет басшысы жаңа ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру үшін 150 миллиард теңге керегін де айтты.
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінгі жағдайда 9 пайыздың өзі төмен болып саналады. Сондықтан сұраныс жоғары болуы мүмкін. Бірақ бағдарлама жастарға ғана арналады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Премьер-министрдің сөзіне сүйенсек, жаңа бағдарламаны іске қосу үшін бюджеттен қаражат бөлінбейді екен. Мұнан бөлек әр үміткер бағдарламаға қатысу үшін бір-ақ рет өтініш бере алады.
«Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимова жаңа ипотекалық бағдарламаның жас отбасыларға арналғаны дұрыс екенін айтады.
– Жас отбасыларға арналған бағдарламаның әзірленгенін дұрыс деп санаймыз. Өздеріңізге мәлім, бізде көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар, жетім балалар, І, ІІ топ мүгедектері қатысатын «Бақытты отбасы» деген мемлекеттік бағдарлама бар. Соңғы кезде бізге жас отбасылар жиі хабарласа бастады. Олар «біздің бір баламыз бар, баспанамыз жоқ, мемлекеттік қызметте істемегендіктен, ешбір санатқа сәйкес келмей тұрмыз» дейді. Жаңа бағдарлама осындай жас отбасыларға арналады, – деді «Отбасы банк» төрайымы.
Жалпы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «9-20-25» бағдарламасына нарықтан қаржы алынатындықтан, оның пайыздық мөлшерлемесі «7-20-25» бағдарламасымен салыстырғанда көбірек болып отыр. Сол себепті бағдарламада негізінен жұмыс істейтін жас отбасыларға басымдық беріледі. Сондай-ақ «9-20-25» бағдарламасына өтініш беретін үміткердің басында соңғы бес жылда баспана болмауы тиіс. Бұл талаптарды «Отбасы банк» төрайымы былайша түсіндірді:
– «7-20-25» бағдарламасында қатысу санына байланысты ешқандай шектеу болған жоқ. Яғни, үміткер 2019 жылы осы бағдарламамен пәтер сатып алып, кейін баспана бағасы қымбаттаған кезде ол пәтерін сатып, 2021 жылы бағдарламаға қайта қатыса алатын еді. Ал «9-20-25» бағдарламасында бір үміткердің бірнеше рет қатысуына мүмкіндік берілмейді. Сонымен қатар, соңғы бес жылда үміткердің баспанасы болған-болмағанын мемлекеттік деректер базасынан мұқият тексереміз, – дейді ол.
Айта кету керек, «9-20-25» бағдарламасында дайын үйлерден ғана емес, «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігімен салынып жатқан үйлерден де пәтер алуға мүмкіндік беріледі. Бағдарламаның толық шарттары мен механизмдері жақын күндері толық белгілі болады. Осы ретте халықты баспанамен қамту мәселесін біраз жылдан бері көтеріп келе жатқан Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «9-20-25» бағдарламасы бойынша ипотеканы қалай алуға болатыны жөнінде өз ойымен бөлісті.
– Менің ойымша, бұл бағдарлама 2024 жылдың наурыз айында іске қосылады. Мүмкін одан ерте де жүзеге асуы мүмкін. Әрине, ипотекаға қол жеткізгісі келген азамат жарнаны қазірден бастап жинауы керек. Маған көптеген хабарлама келеді. «Неге бастапқы жарнаны алып тастамасқа...» дейді көпшілік. Бірақ ол кезде ай сайынғы төлем мөлшері артып, қарапайым халық үшін қиындық тудырады. Әр адам өзінің қаржылық мүмкіндігіне қарай ақша жинауы керек. Айына 5 мың теңге болсын тұрғын үй үшін жинаған дұрыс. Осыны үйренуіміз керек, – деген депутат «Отбасы банкінде» балаларға арналған «Арнау» тұрғын үй депозиті бар екенін де айтты.
– Менің үш балам бар. Студент кезімде баспана мәселесінен қиналдым. Пәтерден пәтерге көштім. Сондықтан мен балаларымның мұндай қиындыққа тап болғанын қаламаймын. Сол үшін барынша үнемдеп, қаржы жинағанды дұрыс деп санаймын. Сонымен қатар ата-аналар балаларының оқуына ақша жинай алатын «Ақыл» депозиті бар. Қазір ол «Келешек» бағдарламасына ауыстырылуда. Ол үшін ата-аналар 3 АЕК (10 мың теңге) үнемдеуі керек, – деп толықтырды Дәулет Мұқаев.
Бағдарлама туралы сарапшылар да пікір білдіруде. Қазақстанның Риелторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко «9-20-25» бағдарламасының тек жастарға арналғанын қолдамайтынын айтады. Ол тұрғын үй мәселесі қазақстандықтар үшін өзекті екеніне назар аударып, баспанаға мұқтаж азаматтар үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылғанын қолдайтынын жеткізді. Жеке баспанаға ие болғысы келетіндерге қолайлы мүмкіндіктерді жіті зерттеу керектігін де қаперде ұстаған дұрыстығын айтты.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
Фото: ашық дереккөзден