Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 80 тұрғын үй пайдалануға берілді

80 тұрғын үй пайдалануға берілді

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, тұрғын үй кезегінде тұрған көпба­лалы отбасы­ларға 80 тұрғын үйдің кілтін салтанатты түрде табыстады. Жыл қорытындыланар тұста ұйымдас­тырылған игі іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, аудан әкімі Берік Сәрменбаев және ардагерлер мен аудан жұрт­шылығы қатысты.

Аймақ басшысы соңғы жылдары облыс­та салынып жатқан тұрғын үй құрылысы жөнінде ақпарат беріп, халықтың осал топтарын баспанамен қамту – басты мақсат екенін айтып өтті.

– Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өтті. Кейінгі жылдары Сыр өңірінде бой көтерген жаңа заманауи нысандар аудан орталықтары мен қала сәулетінің, тұрғындардың өмір сапасының артуына қызмет етіп келеді. Бүгін Сырдарияда жаңа баспанаға қол жеткізген 80 отбасының қуанышы еселенді. Бұл – тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған қолдаудың нақты көрінісі. Бүгінде Сыр өңірінде 4170 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 2500-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам аймақ тұрғыны қоныс тойын тойлауда. Аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Жақында ғана облыстық мәслихаттың сессиясында облыс бюджеті 650 млрд теңге болып бекітілді. Біз алдағы жылы да жаңа тұрғын үй құрылыстарын жүргізіп, пайдалануға беретін боламыз, – деген облыс әкімі іс-шара барысында нысан құрылысын сапалы жүргізуге атсалысқан мердігер мекеме өкілдерін және ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады.

Рәсімде Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Сұлтанбек Тәуіпбаев пен «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасов баспана қуанышына кенелген тұрғындарды құттықтап, қоныс тойдың құтты жаңалық­тардың негізі болуына тілектестігін білдірді.

Жаңадан салынған 40 үйдің әрқай­сысында 2 пәтерден бар. Пәтерлерде қонақ, жатын, жуынатын бөлме, ас үй қарастырылған. Жалпы алаңы 65 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ тұрғын үйлерге жарық, су, газ кіргізілген. «Инфрақұрылымдық жұмыстарды жетілдіру бағытында алдағы уақытта қосымша шаралар қабылданатын болады» дейді әкімдік қызметкерлері. Яғни, бұл маңға болашақта тал егіліп, оны күтіп-баптау қолға алынбақ. Мұнан бөлек асфальттау жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.

Жыл қорытындыланар тұста жаңа баспанаға ие болған тұрғындардың бірі – Гаухар Аяпова. Ол қуанышында шек жоқ екенін жеткізіп, тұрғын үймен қамтылуына қолдау білдірген мемлекетке шынайы ризашылығын білдірді.

– Ең алдымен Президентімізге рақмет айтамын. Халыққа айрықша көңіл бөліп, баспана мәселесін шешуге тиісті тапсырма беріп, оның нәтижесін біз сезініп жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Биылғы жаңа жыл мерекесін өз үйімізде, құтты шаңырағымызда қарсы алатын болдық. Жаңа баспанаға ие болған көршілерімді де құттықтаймын. Қоныс тойымыз құтты, берекелі болсын, – деді Гаухар Төребайқызы.

Айта кетейік, баспанамен қамту жұмыстарымен қатар газдандыру да қарқынды түрде жүргізілуде. Биыл 12 елді мекенге газ кіргізілсе, келер жылы тағы 12 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтылмақ. Оның ішінде, 962 млн теңгеге Сырдария ауданының С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдық округтеріне газ тарту жұмыстары басталды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
20 желтоқсан 2023 ж. 566 0