Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазыналы қарияларға құрмет көрсетілді

Қазыналы қарияларға құрмет көрсетілді

Өмірі өнегеге толы қазыналы қарты бар елдің қашанда бере­кесі артқан. Адал еңбегімен ал­ғаусыз алғыс алған көненің көзі қарияларға лайықты түрде құрмет көрсетілуі орынды. Бұл ретте, Тереңөзек кенті мәдениет үйінде «Қазыналы қартым бар» та­қырыбында 80 жасқа толған мерейтой иелері­не арналған тағылымы мол кеш өткізілді. Іс-­шараға аудан­дық ардагерлер­ кеңесінің төра­ғасы Мұса Келді­баев, Терең­өзек кентінің әкімі Ержан Бақтияров, зиялы қауым өкіл­дері қатысты.

Салтанатты іс-шара барысында биыл сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты жандарға ерекше ілтипат көрсетілді. Ең алдымен, сөз алған аудандық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев «дөңгелек» жасқа келген қазыналы қарттарды жыл сайын төрге оздыру дәстүрге айнал­ғандығын жеткізді.

– Сырдария ауданы бойынша уақытысында бейнеттің жүгін көтеріп, аянбай елге қызмет еткен жандардың есімін жас ұрпаққа танытуға барымызды салып келеміз. Ғұмыр бойы сан салада өзіндік қолтаңбасын қалдырып, ардагерлік кезеңде ел ішінде бәтуалы сөзімен дараланған ардагерлеріміз жыл көлемінде мерейтойларын атап өтуде. Біз жылдағы үрдістен жаңылмай, «дөңгелек» жасты толтырған қарттарымызға зор қошеметті арнаймыз. Отбасыларыңыз аман, дендеріңіз сау болсын, – деді Мұса Келдібаев.

Негізінен, Тереңөзек кентінде бірнеше ардагер 80 жасын атап өтуде. Отбасы мен ошағының отын маздатып, қазыналы қарт атанған ардагер қатарында Кенжебек Күшікбаев, Зәуре Жүсіпова, Ақылбек Баджанов,­ Қалыбек Әлібеков, Сәйділдә Сәдуақасов, Виктор Пак, Абылай Әшірбекұлы, Жәкебай Арықов, Әділбек Омаров, Өмірбек Шәріпбеков, Мәрия Әкбарова, Орынкүл Дүйсенбайқызы, Айша Мырзабекова, Жақсыгүл Тәкібаева, Сара Абсадықова, Мария Кохова, Күлзада Көшербаева, Базаркүл Сқақова, Күнғайша Уважанова, Алтынкүл Құпияева, Зұлқарнай Бодықов, Ұзақкүл Жұбанышева бар.

Осы ретте, Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бақтияров ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, арнайы Құттықтау хат пен сый-сияпат ұсынды.

– Сіздерді мерейлі 80 жасқа келген қуанышты сәттеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде әр шаңырақта сарқылмайтын тағылымды тәрбиесін ұрпағының санасына сіңірген ардагерлеріміз жеткілікті. Қарттарымыздың «Жастығымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды саналады. Сондықтан біз ардагерлердің ұлы істерін ардақтап, болашақ үшін еткен еңбегін бағалай білуіміз керек, – деді Ержан Бахтияров.

Өз кезегінде жиналған көпшілік Тереңөзек кенті мәде­ниет үйінің өнерпаздары дайын­даған концерттік бағдарламаға куә болды. Мәдениет саласы­ның майталманы Руслан Садықов, әнші Жандос Сансызбаев, Дархан Разақов, Ербол Бекжүнісов, Лидия Мясцова ән шырқады. Кеш соңында еңбек ардагері Зұлқарнай Бодықов көпшілікке арнап ақ батасын берді.


Б.АЯБЕКҰЛЫ
12 желтоқсан 2023 ж. 219 0