Қызылдихандықтардың қарияларға құрметі
Қарияларға құрметті жыл бойы көрсетсе де артық етпейді. Себебі, алдыңғы буынның аман жүргені, тілекші, қамқор болуы кейінгілердің өсіп-өнуіне себепші. Осы ретте, жыл сайын қарияларға құрмет көрсететін «Қызылдихан» шаруа қожалығы игі дәстүрден тайған жоқ. Аудан орталығындағы «Ақ тілек» мейрамханасына ақ дастархан жайып, қарттарды қадірледі.
Игі іс-шараға аудан әкімі М.Ергешбаев, «Қызылдихан» ШҚ-ның төрағасы А.Құлбаев, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жүсіпбайұлы, қариялар мен ардагер-ұстаздар қатысты.
Талай жыл түрлі салада еңбек еткен ардагерлерді құрметке бөлеген іс-шараны аудан басшысы құттықтау сөзбен ашып, мерекелік лебізін білдірді.
– Қазақ халқында «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген нақыл сөз бар. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Үлкеннің жолы, ағалық ақылы – асыл қазынамыз. Өмірден көргені мен түйгені көп Сіздердей қарияларды ардақтау – басты парызымыз. Өздеріңіздің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Шаруашылықта сан алуан қызмет атқарып, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырсыздар. Сіздер қалыптастырған жұмысты бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруда. «Қызылдихан» шаруа қожалығы сала жұмысын әртараптандыруда. Сол арқылы ауыл халқын жұмыспен қамтып келеді. Тиісінше, еңбек ардагерлерін құрметтеуді игі дәстүрге айналдырған, – деді аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы.
Өз кезегінде «Қызылдихан» шаруа қожалығының төрағасы А.Құлбаев ардагерлерді мерейлі мерекемен құттықтады.
– Біз әуелден «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» деп ақсақалын ардақ тұтып, қарияларын қадірлеп, даналық дәрістерін көңілге тоқып, ұрпақтар сабақтастығының ұлы көшін жарасыммен жалғап келеміз. Тату тірлігіміз бен ұлттық ұлағатымыздың тұмарындай болған қарттарымызды болашаққа алған бағытымызға бағдар етіп, өмірлік бай тәжірибесін елдің еңсесін тіктеп, өңірді өркендетуде жұмсаудамыз. Бұл ретте, ауыл қарияларына, шаруашылықта мерейлі еңбек еткен ардагерлерге құрметіміз ерекше. Сондай-ақ саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, бала оқытқан ардагер-ұстаздарымыз да ортамызда. Осындай игі іс-шара аясында қадірлі тұлғаларымызға да құрмет көрсету – біздің міндетіміз, – деген Алданберген Құлбаев қарияларға сый-құрмет көрсетті.
Мерекелік кеште 80 жасқа толған қазыналы қаттар марапат биігінен көрінді. Атап айтар болсақ, еңбек ардагерлері Бақшақбай Мешітбайұлы мен Мария Бекжанова көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге ардагер-ұстаздарға арнайы сый-сыяпат жасалды.
Іс-шара барысында Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесі төрағасы Зайдағали Жүсіпбайұлы, еңбек ардагерлері мен ардагер-ұстаздар сөз сөйлеп, жиналған қауымға жылы лебізін жеткізді. Қариялардың құрметіне «Сәдуақасовтар» ансамблі концерттік бағдарлама ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, биыл «Қызылдихан» шаруа қожалығының диқандары 860 гектар егіс алқабына күріш екті. Алтын күзде егінді төкпей-шашпай, ысырапсыз жинап, орташа есеппен 67 центнерден өнім алды.
Ердос БЕРКІНБАЕВ