44 градус аяз тағы үш күн сақталады
Жаңа апта аязды ауа райымен басталды. Мұндай ауа температурасы алдағы үш күнде Қазақстаның бірнеше облысында сақталады, деп жазады Egemen.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, 12-13 желтоқсан күндері атмосферада фронтальды ауа массасы өтетіндіктен еліміздің шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында қар жауады. Ал 12 желтоқсан күні таулы аймақтарға қалың қар түседі.
Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында жел күшейіп, таулы аймақтарда тұман болады.
«12-13 желтоқсанда түнде ауа температурасы солтүстік-батыста және орталықта 25-38 градус аяз, солтүстікте 30-38 градус аяз, елдің қиыр солтүстігінде және солтүстік-батысында 40-44 градус аяз, республиканың шығысында 20-38 градус аяз, 14 желтоқсанда 32-38, жекелеген аудандарда 40-42 градус аязға дейін, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста ауа температурасы 25-30-ға дейін, таулы аудандарда 33-38 градусқа дейін төмендейді деп болжанып отыр.
14 желтоқсаннан бастап Арктикалық антициклон солтүстік-шығыс бағытқа ығыса бастайды. Одан ауа 14 желтоқсаннан кейін ауа температурасы салыстырмалы түрде жылынып, түнгі уақытта аяз төмендейді. Батыста 5-16 аязға дейін, солтүстік-батыста 15-35 градусқа дейін аяз, солтүстікте 25-38 градусқа дейін аяз болады», делінген «Қазгидромет» РМК хабарламасында.