Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз айы жауын-шашынды болады

Наурыз айы жауын-шашынды болады

"Қазгидромет" кәсіпорнының гидрометорталығы алдағы наурыз айының ауа райына болжам жасады, деп хабарлайды baribar.kz

Мамандардың мәліметінше, айдың бірінші онкүндігінің басында еліміздің солтүстік бөлігінде температура түнде 5-10 градус аяз, шығыста кей жерде 15-20 градус аяз, күндіз 5 градус аяз бен 5 градус жылы аралығында болады, оңтүстік өңірлерде термометр бағаны күндіз 10-20 градусқа дейін жоғарылайды.

Наурыздың басында және ортасында атмосфера фронттарының өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) түседі, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтардың кей жерінде екпіні секундына 15-25 метрге дейін жететін күшті жел соғады, солтүстік өңірлерде де жауын-шашын түсіп, бұрқасын соғады. Республика бойынша жиі тұман түседі, солтүстікте көктайғақ болады. Жауын-шашынмен бірге ауа температурасы төмендейді.

Бірінші онкүндіктің соңында Кар теңізінен суық антициклон еніп, республиканың солтүстігінде, шығысында және орталығында ауа температурасы төмендейді, термометр бағаны түнде 10-15, кей жерде 20-25 градус аязға дейін, күндіз 5-13 градус аязға дейін, оңтүстікте түнде 2-12 градус аязға дейін, күндіз 0-8 градус жылыға дейін төмендеуі мүмкін.

Қазақстанның батысында бірінші онкүндіктің басында және ортасында жауын-шашын түседі, ауа температурасы түнде 0-8 градус аяздан 0-5 градус жылыға дейін, күндіз 0-5 градус жылыдан 5-13 градус жылыға дейін өзгереді.

Наурызда ауаның орташа айлық температурасы Қазақстанның көп бөлігінде нормадан 1 градус жоғары, оңтүстік-шығыста норма шамасында болады. Солтүстік үшін норма – 3-9 градус аяз, оңтүстік үшін 2 градус аяз бен 8 градус жылы аралығы.

Республиканың көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан артық түседі, батыста норма шамасында болады. Қазақстанның көп бөлігінде жауын-шашынның айлық нормасы – 10-25 миллиметр, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстағы таулы аудандар үшін 30-90 миллиметр.

Бір ай ішінде циклондар мен антициклондардың жиі ауысуы жауын-шашынның жиі түсуіне және ауа температурасының өзгеруіне себепші болады.
01 наурыз 2020 ж. 868 0