69 сілтеме бұғатталды
Дін – ұстай алсаң, қасиетің, ұстана алмасаң, қасіретің. Сондықтан дін мәселесімен күнделікті айналысып, ерекше мән беру қажет. Бірақ біздің елде мемлекеттік саясат пен дін бөлек арна ретінде қарастырылады. Өйткені зайырлы-демократиялық Тәуелсіз Қазақстанда Конституция талаптары шариғат заңдарынан бір саты биік...
«Сыр өңірінде діни ахуал тұрақты» дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Дінмұхамед Ермеков. Бұрын бұл басқарма облыстық ішкі саясат (қазіргі қоғамдық даму) басқармасы жанындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ ретінде жұмыс жүргізген еді. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тапсырмасымен жеке дара басқарма болып құрылды. «Бұл өте дұрыс шешім болды» дейді дінтанушылар мен зиялы қауым өкілдері. Бүгінде Қызылорда облысының дін істері басқармасы дін саласындағы мемлекеттік саясатты жергілікті жерде жүргізу мақсатында тиісті жұмыстарды атқаруда.
Жұмысын жаңа қарқынмен бастаған басқарма жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың қорытындысын жария етті. Басқарма басшысы журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Өңірлік коммуникациялық қызметінің баспасөз алаңында сала жұмысының қыры мен сыры туралы ақпарат берді.
– Аймақта діни ахуал тұрақты. III тоқсанда жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 88,5 пайызы осылай жауап берген. Қазір Қызылорда облысында 7 конфессия өкілі бар. Олардың қатарында 182 мешіт, 15 шіркеу және 2 миссионер діни қызмет атқарады. Дін істері басқармасы діни экстремизм және терроризм профилактикасы бойынша үш бағытта жұмыс істейді. Атап айтсақ, жалпы профилактика, оңалту жұмыстары, интернеттегі қарсы насихаттық іс-шаралар. Бұл жұмыстардың нәтижесі аймақ басшысының тікелей бақылауында, – деді Дінмұхамед Жандарбекұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, дін мәселелері бойынша интернет кеңістігінде жарияланатын ақпараттар күнделікті бақылауға алыныпты. Дұрыс діни ақпарат пен түсінік қалыптастыру мақсатында аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларынан бөлек Дін мәселелерін зерттеу орталығының 13 парақшасы жұмыс істейді екен. Жыл басынан бері баспа құралдары мен интернет кеңістігінде насихаттық бағытта 2787 материал жарияланыпты.
– Бірегей насихат контенттерін әзірлеу, жастарды рухани-танымдық бағытта ақпараттандыру мақсатында Дін мәселелерін зерттеу орталығынан 2023 жылғы наурыз айында «Onai» подкаст жобасы, қазан айында «Shyraq» каналында «БАҒА LIKE» бағдарламасы және «Кезекті сұхбат» рубрикасы іске қосылды. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесімен күмәнді деп танылған 102 сілтеме дінтану сараптамасына жолданып, 50 сілтемеге «теріс» қорытынды берілді, – деді Дінмұхамед Ермеков баяндамасында.
Осы ретте «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне күмәнді 381 сілтеме енгізілгенін айта кеткеніміз жөн. Соған сәйкес мамандар зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 69 сілтеме тиісті органдардың араласуымен бұғатталған. Мұнан бөлек «Контр» қарсы насихаттық порталына 163 материал енгізіліп, 135-і мақұлданған. Айта кету керек, Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен әлеуметтік желілерде 952 материал жарияланыпты. Сондай-ақ мамандар діни кітаптарға тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.
Аймақтағы діни ахуал тұрақты болғанымен, оны бақылауда ұстау күнделікті жұмыс пен ізденісті талап етеді. Осы ретте біз аудандағы діни ахуалдың жай-күйін білу мақсатында аудандық қоғамдық даму бөлімінің теолог маманы Мұхамед Сейілхановқа хабарласып, ақпарат алдық.
– Ауданымызда 15 мешіт, 1 шіркеу бар. Діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, дұрыс ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізу мақсатында ұжымдық кездесулер, пікіралмасулар, семинарлар мен жеке қабылдау іс-шаралары өткізіліп келеді. Сондай-ақ жастар өкілдерінің қатысуымен акциялар, тақырыптық жүздесулер ұйымдастырылып, халық көп шоғырланатын орындарда жадынамалар таратылуда. Әлеуметтік желілерде, интернет сайттарда дәстүрлі емес ағымдардың алдын алу мақсатында 217 материал жарияланды, – дейді Мұхамед Сейілханов.
Ақтөре Ибрагимұлы
Фото: ашық дереккөзден