Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпенің маңызы ерекше

Екпенің маңызы ерекше

Қазір қызылша ауруы өршіп тұр. Әсіресе балалар арасында дертке шалдыққан науқастар саны күн санап артуда. Бұл мәселе Үкімет отырысында да талқыланды. Осы ретте денсаулық сақтау саласының мамандары балаларға екпе жасау – адамзаттың үздік жетістіктерінің бірі екенін айтып, дабыл қағуда. «Екпе арқылы миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Бір кездері талай тағдырды үзген шешек ауруының жойылуы осының дәлелі» дейді ауданның бас дәрігері Жалғасбек Үсенов.

Вакцинациялау тегін медицина­лық көмектің кепілдік көле­міне енгізілген. Қазақстанда халықтың иммундауға байланысты қаржы мәселесі мемлекет тарапынан шешілген. Нақтырақ айтсақ, вакциналар респуб­­ли­калық бюджет қаржысына сатып алынады. Бұл ретте кепілді сапасы бар, зертханалық тексеруден өткі­зілген және Қазақстан Рес­публикасында тіркелген, дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымымен серти­фи­катталған вакциналар әкелінеді.

Вакцинация немесе екпе жайында қазіргі ата-аналардың бәрі де хабардар екені белгілі. Алайда кейбір ата-аналар балаға екпе егу алдында күмәнданады. Бұны таңғаларлық жағдай деуге де болмайды. Осы ретте біз ауданның бас дәрігерінің пікірін білдік.

– Вакцинациялаудың негізгі мақсаты – адам ағзасында иммунитет пайда болуы арқылы жұқпалы ауруларды қабылдауға қарсы тұруы  және  соның арқасында ауруға шалдығу мен өлім-жітім санын азайту. Екпе жасаудың маңыздылығын бағалауда әрбір ата-ана да, жалпы қоғамда толық түсінік болуы қажет. Жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын және бірегей иммундау жұмыстарының маңыздылығын әрбір азамат білуі тиіс. Екпеден бас тартудың соңы өкіндіретін жағдайға әкелуі әбден мүмкін. Себебі екпе алмаған адамның жұқпалы дертке шалдығу қаупі жоғары болады, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері.

Дана халқымыздың «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасы жұқпалы ауруларға қарсы екпенің қажеттілігін айқындай түседі. Сондықтан адам жанына араша тұратын ақ халатты абзал жандардың пікіріне сүйеніп, екпе қабылдауға ерекше жауапкершілікпен қараған дұрыс. Оның үстіне қызылшамен күрес жұмысының дәл қазір маңызы артып отыр.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
02 желтоқсан 2023 ж. 189 0