Ауыл тұрғындарына атқарылған жұмысты баяндады
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың IV тоқсандағы есепті кездесуі Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылында жалғасын тапты. Кездесулерге аудандық мәслихаттың төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Асқар Кемалов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Маратбек Еспенбетов, тиісті мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Аудан басшысы тұрғындарға өңірде және ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жоспарларымен бөлісті. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде облыс әкімінің қолдауымен аймақта қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
– Өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуші өнеркәсіп өндірісі бойынша Қызылорда облысы – республикадағы аймақтар арасында көшбасшы. Кәсіпкерлік саласының дамуы да қарқынды. Өңірде көптеген жаңа нысандар салынып, маңызды жобалар іске асуда. Нәтижесінде, Қызылорда облысы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жақсы нәтиже көрсетіп, үздік аймақтар қатарына енді. Осы бағыттағы жұмыстар аймақ басшысының қолдауымен ауданда да жүргізілуде, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін арттыру, әлеуметтік саладағы өзгерістер жөнінде кеңінен айтылды. Әр сала бойынша жыл басында жоспарлаған жұмыстардың нақты жүзеге асып жатқаны таразыланып, алдағы жоспарлар нақтыланды. Мұнан бөлек аудан орталығынан бастап әрбір елді мекенде көше жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілгені баса айтылды.
– Сырдария ауданы территориялық орналасу жағынан облысқа өте жақын. Сондықтан бізде мүмкіндік өте көп. Ауданға қарасты ауылдар қаламен іргелес жатқандықтан біз жақсыны үлгі етіп, игі істерді қолданысқа енгізіп, жүзеге асыруымыз қажет. Жақында Бесарық ауылы өңірдегі үлгілі елді мекендер қатарын толықтырды. Бұл бәріміздің бірлесе атқарған жұмысымыздың жемісі деп білемін. Ауылды дамыту арқылы ауданның абыройын асқақтатқан әрбір азаматқа ризашылығымды білдіремін, – деді Б.Сәрменбаев.
Бесарықпен қатар Қоғалыкөл мен Шіркейлі ауылында да нақты жұмыстар атқарылды. Есепті мерзімде Қоғалыкөлде электр желілері жаңартылды Бұл халықтың ұзақ жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесі еді. Ал Шіркейлі елді мекенінде Бейбітшілік, Қ.Қожамжаров көшелері орташа жөндеуден өтті. Алдағы уақытта да құжаты дайын, бюджетке қаржыландыру үшін ұсынылған жобаларға қолдау көрсетілмек.
Кездесулерде аудан басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл халқы жол жөндеу, аяқ су, спорт, жайылымдық жер секілді мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімі барлық мәселе назарға алынып, алдағы жұмыс жоспарына міндетті түрде енгізілетінін айтты.
Есепті кездесуде облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов халық пен билік арасында қалыптасқан әріптестік байланыс елдің бірлігін танытатынын айтып, алдағы уақытта да ауылдардың әлеуетін арттыру назарда болатынына назар аударды.
– Бірінші кезекте халықтың тұрмысын жақсартатын, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруымыз қажет. Ол үшін әр ауылдағы Қоғамдастық кеңес мүшелері өзара ақылдасып, ұсыныстар енгізгені дұрыс. Сонда ғана бюджет қаржысы ең қажетті мәселелерге бөлінеді. Ал оның сапалы және уақытылы игерілуіне бәріміз атсалысуға тиістіміз, – деді Жұмабек Әшімұлы.
Есепті кездесулер соңында аудан басшысы мекеме, бөлім басшыларына тапсырма беріп, әрбір ұсыныстың орындалуын жеке бақылауына алатынын айтты. Сондай-ақ ауыл әкімдеріне елді мекеннің даму жоспарына сәйкес жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
А.ИБРАГИМҰЛЫ