Облыс әкімі шоқайтанушы ғалымдармен кездесті

«Еліміздің тарихында өшпестей із қалдырған, өнегелі ісі аңыз болып дараланған тұлғалар аз емес. Солардың бірегейі Сыр елінің асыл перзенті, түркі бірлігі идеясының жаршысы Мұстафа Шоқайдың орны ерекше. Оның сан салалы саяси қызметін, шығармашылық мол мұрасын танудың өскелең ұрпақты ұлттық рух пен отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор. Мұстафа Шоқай есімі өздеріңіздей ғалымдар мен Тәуелсіз елі барда ешқашан өшпейтіні, тағылымды істері халық арасында насихаттала беретіні анық», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Өз кезегінде, ғалымдар ұлт қайраткерінің мұрасын зерттеу және танытудағы жоспарларын баяндап, ұсыныстарын ортаға салды.
Мұстафа Шоқай – қазақтың мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, тәуелсіз, біртұтас Түркістанның идеологы. Алашорда үкіметі халық кеңесінің мүшесі. Еуропада эмиграцияда жүріп, қазақтың бостандығы үшін күрескен тұлға.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі