Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа кезеңнің жауапкершілігі зор

Жаңа кезеңнің жауапкершілігі зор

«Берік Сәрменбаев – Сырдария ауданының Тәуелсіздік жылдарын­дағы оныншы әкімі. Тоқсан жылдан астам тарихы бар ауданды бұған дейін кіл мықты тоғыз әкім басқарғанын ескерсек, оныншы әкімге ауданның көрсеткіштерін бұрынғыдан да биікке көтеріп, жаңа қарқынмен жақсарту оңайға соқпайтыны анық» деп жазыппыз осыдан бір жыл бұрын. Ол кезде Берік Әбдіғаппарұлы облыс әкімінің өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің және Сырдария аудандық мәслихатының келісімімен ауданға әкім болып тағайындалған еді. Бұл сәттер де тарих еншісіне еніп, биыл аудан әкімін халық сайлап, аудан жұртшылығының зор сеніміне ие болған Берік Сәрменбаев қайтадан аудан тізгінін қолға алды. Біз бұрынғы қызметін жаңа қарқынмен бас­тап жатқан аудан басшысымен 95 жылдық мерейтой қарсаңында сұхбаттасып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы әңгімелестік.

– Берік Әбдіғаппар­ұлы, ең алдымен сізді аудан әкімі қыз­­метіне сай­лану­­ыңыз­бен және ауданның 95 жылдық айтулы мерей­­тойымен құттықтаймын!

– Құттықтауыңызға рақмет! Өзіңізге белгілі, күні кеше сайлау өтіп, Сырдария ауданының жұртшылығы өзі­нің бекем бірлігімен жаңа кезеңге қадам басты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саяси реформаларының негізінде жүзеге асқан аудан әкімдерін пилоттық негізде сайлауға ерекше­ жауапкершілікпен белсене атса­лыс­қан аудан халқына шынайы риза­шылы­ғымды білдіремін. 95 жылдық мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған бұл саяси маңызды науқан ауданның ынтымағы айқын көрініс тапқан, демократия қағидаттарына сәйкес өт­кізілген маңызды сайлау ретінде жоғары бағасын алды. Маған қолдау білдіріп, дауыс берген, сенім артқан сайлаушылардың, аудан халқының игілігі үшін жұмыс істейтін боламыз.

– Үшінші тоқсан аяқталып, жыл қоры­тындыланар тұс та таяп қалды. Ауданның негізгі әлеу­меттік-эконо­ми­ка­лық дамуы мен макро­экономикалық көр­сет­кіштер туралы айтсаңыз.

– Жылдың басында аудандық бюджет 10 млрд теңге болып бекітіліп, бір­лесе атқарған жұмыстарымыздың нә­тижесінде 11,3 млрд теңге көлемінде нақтыланды. Аудандық бюджеттің кірісі 8,5 млрд теңгеге орындалды. Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімдерін өндіру 61,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 7,3 пайызға, негізгі капиталға салынған инвес­тицияның көлемі 40,7 пайызға, бөлшек сауда айналымының көлемі 29,5 пайызға, құрылыс жұмыстарының кө­лемі 21,7 пайызға, тұрғын үй құрылысы 3,5 пайызға артып отыр. Биыл аудан бойынша 36043 гек­тарға егін егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2945 гектарға артық. Аудан еңбеккерлері 23811 гектарға күріш дақылын орналастырып, әр гектарынан орташа 59,8 центнерден өнім жиналып, барлығы 142 390 тонна астықты қам­баға құйылды.

Мемлекет басшысы еліміздің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген кеңесте әкімдерге нақты тапсырма берген болатын. Осы ретте, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін жыл басынан аудан орталығында 6 рет жәрмеңке өткізіліп, ауыл шаруашылығы өнімдері базар бағасынан 10-15% төмен бағамен ұсынылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындардың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік тауарларының бағасын тұ­рақ­тандыру мақсатында биыл жос­пардан тыс 359 гектар қосымша жер дайындалып, 1105 отбасына үлестірілді. Мал шаруашылығында төрт түлік мал басы мен өндірілген өнім көлемінде де тұрақты өсім бар. «Ауыл аманаты» жобасы аясында құны 3,0 млрд теңгені құрайтын 489 жоба дайындалды. Кент және ауылдық округтерден барлығы 1427,0 млн теңгенің 188 жобасы, оның ішінде 322 млн теңгенің 13 жобасы «Байқоңыр» ӘКК АҚ-на ұсынылды.

– Ауданның кәсіпкерлік сала­сының дамуына тоқталсаңыз.

– Кәсіпкерлікті қолдау – мемле­кет­тік саясаттың басым бағыты. Қазіргі таңда ауданда 3290 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның 3163-і нақты жұмыс істеп тұр. Мемле­кеттік бағдарламалар бойынша 3 млрд 716 млн теңгені құрайтын 347 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бо­йынша несие комитетінің шешіміне сәйкес 15 жобаға 194,7 млн теңге несие мақұлданды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы құны 1 млрд 955,6 млн теңгеге 57 ауыл­ша­руашылық техникалары мен құрал-жабдықтар алынды.

– Келесі сұрақты жолдардың сапасы мен жол жөндеу жұмыстары жөнінде қойсам деймін. Бұл бағытта қан­дай жұмыстар мен жос­­парлар бар?

– Сапалы жол салудың маңызы еш­­қа­­шан ескірмейді. Бұл бағытта бюд­­жеттің мүмкіндігіне қарай аудан­ның жолдарын жақ­сарту мақсатында жұмыстар атқа­рып жа­тырмыз.

Аудан бойынша биыл 32 жобаға 3,4 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде облыстық маңызы бар 2 жобаға республикалық бюджеттен «Қызыл­орда – Айдарлы – Тартоғай» жолын орташа жөндеуге 1 млрд 367 млн теңге қаржы бөлініп, асфальт жабын­дысы төселді. «Самара-Шымкент-Тереңөзек» автомобиль жолының 12 шақырымын орташа жөндеуге 687,6 млн теңге бөлінді. Елді мекендер көшелері мен аудандық маңызы бар авто­мобиль жолдардың 30 жобасына 1,4 млрд теңге қаржы бөлінген. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 12 жобаға 488,7 млн теңге, облыстық бюджеттен 15 жобаға 853,5 млн теңге, АБ-тен 3 жобаға 88,3 млн теңге қаржы бөлінген. Қазір 27 жоба бойынша жұмыстар аяқталды.

– Аудан халқы орталықтан­ды­рыл­ған көзден таза ауыз су тұты­нып отыр дегенімізбен, кейбір ау­ыл­дардағы ауыз су желілерінің ес­­кір­гені белгілі. Мұны тұрғындар есепті кездесулерде көтеріп жүр. Осы­ған байланысты қандай шешім қабылданды?

– Дұрыс айтасыз, ауданның бірқатар елді мекенінде ауыз су желілерінің тозығы жеткен. Бұл бағытта толық зерделеу жұмыстары жүргізілді. Ақау болуы мүмкін тұстар анықталды. Мамандармен ақылдаса келе жоба-сметалық құжаттар әзірлеп, бюджетке ұсынып, қаржы бөлінді.

Атап айтқанда, биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қоғалыкөл ауылындағы М.Есмахов, А.Тлеулиева, Шаған ауылындағы А.Құнанбаев, Р.Оразғалиева көшелері бойындағы су құбыры мен көру құдықтарының құрылысына, сондай-ақ Шаған ауылын­дағы Ғ.Мұратбаев, А.Иманов және А.Иманов жолақ көшелері бойындағы су құбыры мен көру құдықтарының құры­лысы ауыз су мен қамту жүйелерінің және бас су қоймаларының құрылысына бар­лығы 271,5 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, 2023-2024 жылдарға «Ауыл – Ел бесігі» және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламалары аясында Аманкелді елді мекені Ж.Құлымбетов, А.Ақайдаров, А.Жанкин көшелері бойындағы ауыз су құбырлары мен көру құдықтары құрылысына, Тереңөзек кентіндегі Ғ.Мұратбаев, Ш.Құндызбаев, О.Әбілпаттаев, Тоғанас батыр, Қазақ, И.Тоқтыбаев көшелері бойындағы су құбыры желісінің құры­лысына, аудан­ орталығындағы А.Құнанбаев көше­сі, Жамбыл, Жеңістің 50 жыл­дығы, А.Әлиакбаров көшесі бойындағы су құбыры желісінің құрылысына республи­калық бюджетке 376,5 млн теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды.

– Ал тозығы жетіп, жаңбыр жауып, жел болса, жарығы өшіп қала­тын шалғай ауылдардағы электр желі­лерін жаңарту бойынша қан­дай жұмыстар атқарылды?

– Аудандағы электр бағаналары мен желілерін жаңарту бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар бар. Мәселен Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерін электрмен жабдықтау жұмыстарына «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламалары аясында республикалық және облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 4 жобаның құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандар қабылданды. Мұнан бөлек «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында Шаған ауылдық округінің тұрғын аймақтарын электр­­мен қамтуға 1,1 млрд теңгені құрайтын жобасына республикалық бюджеттен 150,0 млн теңге бөлінді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасатын болады. Біздің бас­ты мақсаттарымыздың бірі – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Ол үшін халық тәулік бойы тұтынатын сапалы электр қуатының алатын орны ерекше.

– Халықты баспанамен қамту бағы­­тында атқарылып жатқан жұ­мыс­тар жөнінде айтсаңыз.

– Жетікөл елді мекенінде үш бөлмелі екі тұрғын үй құрылысына аудандық бюджеттен 30,4 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, нысан­ қабылданды. Сон­дай-ақ Тереңөзек кенті­нен халықтың әлеуметтік жағы­нан осал топтағы отбасылар үшін 73 пәтер сатып алуға респуб­ликалық бюджет­тен қа­ралған 665,3 млн теңге бөлінді. Үйлер мем­ле­кеттік тұрғын үй қорынан мұқтаж отба­сыларға кезектілік негізінде беру жоспарлануда.

Облыстық бюджет қаражаты есе­бі­нен 2023 жылға Тереңөзек кентін­дегі жаңа ша­ғын ау­данның инфра­құры­лы­мының қиыр­­шық тас жолы­ның құрылысы­на бар­­лығы 347,9 млн тең­ге қаржы бөлі­ніп, жұмыстары жүр­гізі­луде. Сонымен қатар жоба құны 116,7 млн теңгені құрай­­тын Тер­ең­өзек кентіндегі жаңа ша­ғын ауданның инфра­құрылымын газбен жабдықтау жоба­сының құрылыс жұ­мыстарын бастауға об­­­лыстық бюджеттен 11,6 млн теңге бөлінді. Бұл халықтың бас­паналы болуына жол ашады деп ойлаймын.

– Ауданның бі­л­ім, денсаулық сақ­­тау саласын қар­­­­жы­­­ландыру об­лыс­тық бюджетке өткенімен, же­тістіктері мен мәсе­ле­­лері бірінші кезекте ауданнан сұ­ралатыны белгілі. Осы ретте аудан­да аталған салалардың дамуында қан­дай жаңалықтар бар?

– Білім беру мен денсаулық сақтау саласы – ең үлкен сала. Бұл салалардың мәселелері мен жоспарлы жұмыстары біздің жіті назарымызда. Облыстық басқармалармен бірлесіп ел игілігі үшін шешімдер қабылдап, ұсыныс­тар енгізіп, қос бірдей ауқымды саланың халыққа сапалы қызмет көрсетуін бақылауда ұстап отыр­мыз.

Жалпы аудан бо­йынша 53 білім беру мекемесі жұмыс іс­тейді. Оның ішінде жаратылыстану-мате­матикалық бағытта 5 инновациялық мек­теп-лицей бар. Аз қамтылған отбасынан шыққан және 1-4 сыныпта оқитын 3323 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Биыл аудан мектеп­терін бітірген 471 оқушының 396-сы ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл көрсеткіші 83,2%-ды құрады. Бітіруші түлектердің 29-ы «Алтын белгі», 35-і «Үздік аттестат» иегері болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аудан орталығынан 300 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жоспарлануда. Қазір құрылыс салынатын орын белгіленіп, құжаттары әзір­ленуде.

Ауданда­ ха­лық ден­саулығын жақ­сарту үшін медициналық мекемелер де ке­зең-кезеңімен жаңартылуда. Биыл облыстық бюджеттен 182,3 млн теңге бөлініп, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов пен Қалжан ахун ауылдарының фельд­шерлік-акушерлік бекеттері күрделі жөндеуден өтсе, орталық аурухананың бу қазандығын қайта құрылымдауға аудандық бюджеттен 73,6 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ республикалық бюджет есебінен 362,6 млн теңгеге Н.Ілиясов ауылында жаңа амбулатория құрылысы жүргізілуде.

Жыл басынан бері ау­данымызда 387 бала дүниеге келіп, ана өлімі тіркелген жоқ. Дәрі­гер тапшы­лығын болдырмау мақ­с­­атында 3 жалпы тәжі­рибелік дәрігер, 1 кар­диолог, 1 функцио­налды дәрі­гер ауданға келіп қызмет етуде. Аманкелді ауылына биохимиялық анализ алатын анализатор аппараты қойылды. Ай­дарлы, Жетікөл, Аман­келді, Бесарық ауылдарының халқы аудан орталығына бармай-ақ, жақын жерден анализ тапсырып, ем шараларын қабылдауда.

– Мәдениет пен спорт саласы да бі­рі­гіп, бір бөлім болып, халыққа қыз­мет көрсетуде. Бұл са­лада қандай өзге­ріс пен жаңалықтар бар?

– Ауданда 34 мә­дениет мекемесі бар. Жыл басынан бері ұлт­тық мәдениетті да­мы­туға, өнерді өр­кен­дету мен талантты жастарға қолдау көр­сетуге бағытталған 707 іс-шара өткізілді. Наурыз мей­рамында ау­данда республикалық ақындар айтысы өтті. Осы аптада аталып өтетін аудан мерейтойы аясында да бірқатар мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Уақытпен санаспай еңбек етіп, халыққа сапалы мәдени қызмет көрсетіп жүрген сала қызметкерлеріне алғыс айтамын.

Бүгінде 134 спорттық нысан және 541 спорттық үйірме жұмыс істеп, аудан халқының 38 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысуда. Облыстық бюджеттен бөлінген 88,0 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі спорт клубы ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Спорт нысаны ауданның 95 жылдық мерейтойы аясында пайдалануға берілетін болады.

Ал Бесарық ауылындағы спорт кеше­нінің құрылысына 2023 жылға құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 218,2 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысының сапасы жіті бақы­лауымызда. Жалпы аудан көлемінде мем­лекеттік рәміздерді насихаттау, ха­лықтың рәміздерге деген құрмет сезімін қалып­тастыру мақсатында да іс-шаралар ұйымдастырылуда. Аудан бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шең­берінде биыл жергілікті бюджеттен 10 жобаға 19,2 млн теңге бөлінді.

– Жұмыссыздық деңгейі жөнінде қысқа-нұсқа айтып өтсеңіз.

– Биыл ауданда 1573 жаңа жұмыс орны құрылып, жоспар 73,4 пайызға орындалып отыр. Есепті мерзімде 516 адам тұрақты жұмыс орынымен, 1057 адам уақытша жұмыспен қамтылды.

– Сіз мемлекеттік қызметте де, өнді­рісте де нәтижелі еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған азаматсыз. Қазіргі таңда мемлекеттік қыз­­метшілерге жүктеліп отырған мін­деттің ауқымдылығы туралы пікіріңізді білсек.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің дәстүрлі Жолдауында «Маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс» деп айтқан болатын. Осы мақсатта облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тапсырмасымен аймағымызда кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар бізге де зор міндет пен жауапкершілік жүктейді. Оның үстіне қазір мемлекет үшін маңызды әрбір саланың, халық үшін өзекті әрбір жұмыстың сапасын, бағасын халық көріп, біліп отыр. Сондықтан ашықтық пен жариялылық қағидатын ұстануымыз қажет.

Биыл облысымыздың екі ауданында сайлау өтті. Тұрғындар бірінші рет аудан әкімдерін тікелей сайлады. Бұл жаңа кезеңге қадам басқанымызды білдіреді. Өзім де кандидат ретінде тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, халықтың қолдауымен әкім болып сайландым. Енді сайлаушылар алдындағы уәделерімді орындауым керек. Сол себепті жаңа кезеңнің жауапкершілігі зор дегім келеді. Халық игілігі жолындағы жұмыстардың барлығын бірлесе атқаратын боламыз.

– Бастамаларыңызға сәттілік тілей­міз, оң болсын!

– Сіздерге де ақпараттық қолдау көр­сетіп келе жатқандарыңыз үшін риза­шылығымды біл­діремін.

– Рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақтөре Ибрагимұлы

07 қараша 2023 ж. 391 0