Сырдария ауданының әкімі тағайындалды
Бүгін Сырдария ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында аудан әкімі таныстырылды.Облыс әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Сырдария аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Сырдария ауданының әкімі лауазымына Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы тағайындалды.
«Берік Әбдіғаппарұлы аудан жұртына етене таныс. Ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалын жетік білетін, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен, әлеуеті жоғары кадр. Түрлі салаларда жинаған мол тәжірибесі мен басшылық қызметтегі ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өзін ел дамуы жолында аянбай еңбек ететін мықты маман ретінде көрсете білді. Мемлекет басшысының бастамаларынан туындайтын тапсырмалар мен алға қойған міндеттерді жоғарғы деңгейде жүзеге асырып, Өздеріңізбен бірге нәтижелі жұмыс жасайтынына сенемін», – деді облыс әкімі.
Актив отырысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Мәдениет саласының үздігі Алмагүл Бақтиярова мен облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов жаңадан тағайындалған аудан әкімін құттықтап, Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров бата берді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










