Сұранысқа ие Сырдарияның өнімі
Жылдағы дәстүрге сай облыс орталығында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауданымыздың диқандары да өз тауарларын қала халқына арзан әрі қолжетімді бағада ұсынды. Сұранысқа ие Сырдарияның өнімін тұтынушылардың қарасы биыл да қалың болды. Аудан еңбеккерлерін молшылық мерекесіне аудан әкімінің міндетін атқарушы Димаш Байдушев бастап барды.
«Алтын дән – 2023» мерекесі аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде шаруалар өз өнімдерін базар нарығынан 15-20 пайызға төмен бағада ұсынды. Ауылдардан 425 жүк көлігімен 1000 тоннадан астам өнім әкелінді.
Облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бұл жолы Сыр диқандары 286 млн теңгені құрайтын 1020,6 тонна өнімді ұсынды. Саудаға 140 тоннадан астам күріш, 25 тонна ет, 30 тоннадай балық өнімдері, 200 тонна картоп, 80 тонна сәбіз, 120 тонна пияз, 90 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидектер, 200 тонна бақша өнімдері, 115 тонна асқабақ, 6 тоннадай сүт өнімдері, 10 тоннаға жуық ұзақ сақталатын кондитер өнімдері, 140 бас тоқты, 50 тоннадан астам жем-шөп қойылған.
Сырдария ауданының қала халқына тартуы әдеттегідей Жанқожа батыр көшесінде ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге ауданнан 60 көлікпен 33 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің көрмесі де ұйымдастырылды. Ауданның көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындармен бірге жәрмеңкені аралап, халықпен пікірлесті. Аймақ басшысы ауданның жәрмеңкеге тыңғылықты дайындықпен келгенін жоғары бағалап, дала еңбеккерлеріне шынайы ризашылығын білдірді.
– Сырдария ауданының халқы – ұйымшыл, берекелі іске бейім. Бұл жолы да сол берекелі бірлігін көрсетіп, қала халқына ерекше тарту жасауда. Сұранысқа ие Сырдарияның өнімдерінің сапасы да жоғары екені анық. Жәрмеңкеге өз өнімдерін әкелген шаруаларға ризашылығымды білдіремін. Облысымыздың 85 жылдық мерейтойы құтты болсын, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі осы аптада Тереңөзек кентінде ұйымдастырылады. Онда ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталатын болады.
«Тт» ақпарат