Балабақшаға есепке алудың бірыңғай базасы іске қосылады
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында орман өрттеріне қарсы күрес жөніндегі жаңа шаралар мен балабақшаларға кезекке тұруды автоматтандыру үдерісі қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынға қатысушылар өрт ошақтарын дер кезінде анықтауға және уәкілетті органдарға ақпаратты шұғыл жеткізуге мүмкіндік беретін орман өрттерін ерте анықтау жүйесін іске қосу мәселесін талқылады. Оның шеңберінде мемлекеттік орман қорын, ұлттық саябақтарды, қорықтарды және ерекше қорғалатын аймақтарды тәулік бойы бейнемониторинг жүйесімен және тәуелсіз түтін датчиктері желісімен қамту жоспарланып отыр.
Бұл ретте шешім қабылдау орталығын өзекті ақпаратпен қамтамасыз ететін және өрттерді оқшаулау және жою бойынша іс-қимылдарды үйлестіруге көмектесетін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану көзделеді. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттарын қауіпсіз эвакуациялау жолдарын әзірлеу, сондай-ақ зардап шеккендерді іздеп табу және құтқару үшін пайдалану жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, тамыз айында Үкімет басшысы ТЖМ бөлімшелері үшін 71 ұшқышсыз ұшу аппаратын және 12 су шашу құрылғысын сатып алуды көздейтін қаулыға қол қойған болатын. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен 633 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
Отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленген Мектепке дейінгі ұйымдар үшін есепке алудың бірыңғай базасын құру мәселесі де талқыланды. Оны пилоттық режимде осы жылдың қазан айында іске қосу жоспарланып отыр, ал 2024 жылдың қаңтарынан бастап бүкіл республика бойынша қолданылады.
Премьер-министр балабақшаға кезекке қою және кезекті жылжыту үдерісін толық цифрландыру оның ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар отырыс барысында жасанды интеллект технологияларын дамыту, мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіру, мемлекеттік аппараттың негізгі үдерістерін цифрландыру, бизнес субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін автоматтандыру мәселелері қаралды. Бұл тексерулерді тағайындау кезінде адами факторды, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелерді болдырмауға мүмкіндік береді.
Фото: primeminister.kz