Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамырда «магнит дауылы» болады

Мамырда «магнит дауылы» болады


Мамандар әр ай сайын Күн белсенділігінен туындайтын «Магниттік дауылдар» тізбесін жариялап отырады. Олар мамыр айында да күн белсенділігі жеткілікті болады деп отыр. «Магниттік дауыл» деген не? Ол Күн бетіндегі ірілі-уақты газ жарылыстарынан туған құйынның Жерге жететін толқын күші. Оның әсерін көп адамдар аса сезінбегенімен жасы ұлғайғандар, жүкті әйелдер, жүрек дертінен және созылмалы дерттен зардап шегетіндер сезінеді, олардың мазасы кетеді. Әсіресе оның Жердің магниттік өрісі қуатты аумағына келіп «айқасуы» қауіпті. Мамандар мамыр айында мына күндерде «магниттік дауыл» көтеріледі деп отыр: 11-17 мамыр аралығы және 20-25 мамыр аралығында Күн бойында қуатты жарылыстар орын алады. Сондықтан бұл күндерде мүмкіндігінше салауатты өмір салтын ұстанып, ағзаға артық салмақ түсірмеген жөн. Әсіресе алкогольді ішімдіктен аулақ болу керек. Қажеттілік туғанда пайдасы тиетін дәрі-дәрмектердің қол жетер жерде тұрғаны жақсы.
28-31 мамыр аралығында да «магниттік дауыл» бар, бірақ оның қуаты аз, Жерге әлсіреп жетеді. Дегенмен мұндай кездері де адам өзін әлсіз сезініп, маужырап жүретінін есте ұстаңыз. Өзіңізге көп міндеттеме алмаңыз, жұмысқа тым қинамаңыз. Әсіресе ауыр қара жұмысты кейінге ысыра тұру керек. «Магниттік дауыл» тұрған күндері кей адамның басы себепсіз ауырады, көңіл-күйі түседі, тіпті ұстамдылығы төмендеп, ызалануы да мүмкін. Сондықтан жақын адамдармен қарым-қатынаста абай болған абзал, тұрмыстық деңгейдегі ұсақ-түйекке мән бермеуге тырысыңыз. Жүйке тынышталуы үшін шөп шай ішіңіз, теңіз тұзы қосылған ванна қабылдасаңыз тіпті жақсы. Қуатты «магниттік дауыл» тұрған күндері ащы, тұзды тамақ жемеген дұрыс. Дәнді-дақыл жармасынан жасалған ботқа, балғын көкөніс, жемістер пайдалы. Қайнатылған таза суды, балғын жемістен сығылған шырындарды жиірек ішіңіз. Ішімдіктерден бас тартқан абзал. Әсіресе бұл жүрек кінәраты бар адамдарға керек. Созылмалы ауруы барлар мұндай күндерге алдын-ала әзірленіп, қажетті дәрі-дәрмектерді сайлап қойғаны жөн. Олар әрдайым қолжетімді жерден табылатын болсын, сапарға шығар болсаңыз, арнайы қобдишаға салып, табылуы оңай жерде сақтаңыз. Әсіресе себепсізден себепсіз көңіл-күйіңіз жабырқау тартса, басыңыз қатты ауырса, онда валериана немесе эвкалипт негізінде тұнба әзірлеп ішіңіз. Ол тез тыныштандырады. Баяу жүріп, серуендеген де пайдалы.

zamana.kz
07 мамыр 2018 ж. 1 811 0