Тағылым аларлық танымдық кеш
«Достық» үйінде аудандық орталық кітапхананың № 1 филиал кітапханашысы Ләззат Серікбаеваның ұйымдастыруымен Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған «Тұңғыш мәмлүк сұлтаны» тақырыбында тарихи-танымдық кеш өтті.
Танымдық кешке аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, ұстаздар мен оқушылар, БАҚ өкілдері қатысты. Кешті жүргізген кітапханашы Л.Серікбаева алдымен Бейбарыс Сұлтанның өмірі мен жауынгерлік жолы жайында ақпарат беріп, «Шығыс әлемінің ұлы қайраткері» тақырыбында бейнеролик назарға ұсынылды.
«Сұлтан Бейбарыс — Мысыр билеушісі» тақырыбында № 36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Қайрат Тұрғанов баяндама жасады.
— Сұлтан Бейбарыс — барша түркі халықтарына мұсылман қауымына ортақ тұлға. Оны батыр ретінде ғана емес, адами құндылықтары тұрғысынан да тануға болады. Дешті қыпшақ даласының атақты перзенті Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған, әрі оны 17 жыл билеген. Жігерлі қолбасшы елдің әл-ауқатын көтеруде орасан зор еңбек етіп, асыл дінімізге ерекше құрмет танытқан. Медреселер салуға көп күш жұмсап, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында Бейбарыс салдырған мешіттің бірі «Бейбарыс мешіті» деп аталады. Қазір өзінің кіндік қаны тамған жерінде Жайық өзенінің жағасындағы Атырау қаласында биік тұғырға орныққан Бейбарыстың ескерткішке айналған алып тұлғасы асқақтап тұр, — деді Қ.Тұрғанов.
Тарихшы Бейбарыс өмір сүрген кезеңдер туралы, өмірі жайында бірқатар аңыз-әңгімелерге тоқталды. Сонымен қатар № 35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлманат Сансызбаеваның «Сұлтан Бейбарыс — дара тұлға» тақырыбында баяндамасы назарға ұсынылды.
— Бейбарыс Дамаскінің базарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғаннан кейін жаңа қожайын Айдакин Бундукдаридың атымен әл-Бундукдари деген есімге ие болды. Кейін Бейбарыстың ерекше қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны Салих Нәжумиддин оны өзінің жеке гвардиясының бір бөліміне сардар етіп алады. Сөйтіп ол енді жаңа әміршісінің атымен өзіне әл-Салихи деген есімді қабылдайды. Ол осында жүргенде крест жорығына қатысушыларға қарсы күресте Египед әскеріне қолбасшылық етеді, — деді Г.Сансызбаева.
Танымдық кеште Сұлтан Бейбарыстың жаужүрек қолбасшы болуымен қоса, айлакер саясатшылығымен Ислам дінін қорғаған ұлы бабаның сыры жайында кең көлемде мағлұмат берілді. Жастар Мысыр билеушісіне арналған ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев өскелең ұрпақ қазақ тарихын, даңқты тұлғаларын білу керектігін айтты.
Бибіраса ЖАНӘЛІ