Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсат – халықты табиғи өніммен қамтамасыз ету

Мақсат – халықты табиғи өніммен қамтамасыз ету

Аудан орталығы тағы бір ерекше дүкенмен толықты. Кәсіптен береке таппаққа бел буып, жаңа бастамаға жол ашқан Бексұлтан Ғалымұлы тұрғындарға балғын жеміс-жидек пен көкөністерді ұсынбақ. Жақын­да ғана іске қосылып, көпшілік сұранысын өтеп үлгерген «Айкөркем» дүкеніне біз де арнайы бас сұқтық.

– Мемлекет басшысы жаңа Қазақстанның негізі – елдің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыру екенін баса мән беріп айтқан еді. Осы ретте жаңа кәсіп түрін бастап, халыққа қызмет етуді жөн санадық. «Кәсіпкер болу өзгенің жасағанын жасамау» деген бар. Сондықтан аудан тұрғындарын күнделікті жеміс, көкөніспен қамтамасыз ете­тін жеміс-жидек дүкенін аштық. Ата-ана, бауыр­ларымның қолдауымен кәсіпті бастап кеттік. Сұраныс та жоқ емес. Нөлден бастап жұмыс жасап жатырмыз, – дейді дүкен иесі.

Шынымен, жеміс-жидектің түр-түрі әдеттегі дүкеннен де табылғанымен, үлкен қаладағыдай тек жеміс пен көкөніс сататын дүкеннің ашылуы аудан тұр­ғындары үшін зор қуаныш болып отыр. Кент ор­талығындағы басты көшелер Ғани Мұратбаев көшесі мен Аманкелді Иманов көшесінің қиылысында орна­ласқан дүкеннің ерекшелігі – мұнда көп кездесе бермейтін жеміс-жидек түрлері де табылады.

– Мақсатымыз – халықты таза, табиғи әрі пайдалы өнімдермен қамтамасыз ету. Өздеріңізге белгілі, адамның денсаулығы оның жеген асымен тікелей байланысты. Түрлі пайдасыз өнімдердің ықпалынан көпшілік денсаулығына зиян да келіп жатыр. Жақсы сауда орталығын ашсақ, бағаны да халықтың қалтасына сай етсек, тұрғындар дә­румен толы ас ішіп, денсаулықтарын күтсе деген ниетпен осы бағытты таңдадық. Халыққа сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Баға мен сан үшін емес, сапаға жұмыс жасаймыз. Кәсібімізді одан әрі жандандыру жоспарда бар. Алдағы уақытта кепкен жеміс-жидектер мен тағы басқа табиғи, пайдалы дүниелер сатсақ деген жос­парымыз бар, – дейді жас кәсіпкер.

Айта кетейік, кәсіп иесі өнім бағаларын азық-түлік дүкендеріндегі бағадан едәуір төмен қоюды көздеп отыр. Әсіресе, күнделікті тұрмыста жиі тұтынылатын картоп, сәбіз, жуа сияқты көк­өністердің бағасы халықтың қалтасына ыңғай­лы болмақ. Дүкеннің тағы бір ерекшелігі мұнда күнделікті тұрмыста сұраныс бола бермейтін жидектерге тапсырыс беруге де болады.
Жас кәсіпкер Бексұлтан – Оспан Мәлібаев атын­дағы ауылдың тумасы. Ауылдағы №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжіне оқуға түскен. Оқу орнын жақында тәмамдаған жас маман аудандық емханада бірнеше ай қызмет еткен. Кейін кәсіпкерлік саласына ден қойып, бүгінде аудан орталығынан ашылған «Айкөркем» жеміс-жидек дүкені жұмысын жандандырып отырған жайы бар.

Біз де жағымды жаңалықты қуана қабылдап, оқырман назарына ұсынуды жөн санадық. Ал жас кәсіпкерге таңдаған саласында сәттілік серік болсын деп тілейміз.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 шілде 2023 ж. 465 0