Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіп түбі – нәсіп

Кәсіп түбі – нәсіп

«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, халықтың тұрмыстық әл-ауқатын түзеу үшін және де еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар шаралар ұйымдастырылып, соның нәтижесінде халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Жалпы, елімізде шағын және орта бизнес субьектілерін дамытуға мүмкіндік көп. Осыған орай, өңірімізде кәсіп ашуға ниетті азаматтар қатары күн санап артуда.

Солардың бірі Сыр өңірінде наубайхана өндірісін дамыту үшін еңбек етіп жүрген кәсіпкер – Ербошаев Бахытбек Сәндібекұлы. Ол кісі ең алғаш кәсібін 2013-2014 жылдары салат өнімдерін өндіруден бастаған. Одан соң кулинария бұйымдарын шығару ісімен айналысып, кейін наубайхана өндірісін ашқан.

Ағымдағы жылы «Қызылорда өңірлік инсвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымынан наубайхана ісін кеңейтуге несие алып, бүгінде сол кәсіпорында нан өнімдерін шығарумен айналысып келеді. Қазіргі таңда аталған кәсіпорын 50 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бүгінде кәсіпорында нанның бірнеше түрлері шығарылады. Атап айтар болсақ, ақ нан, қара нан, батон, бөлішке, багет және де кекс, сэндвич сынды тіскебасарлар да дайындалады. Кәсіпкердің айтуынша алдағы уақытта нан өнімдерінің басқа да түрлерін дайындап шығару жоспарда бар.

Кәсіпкерлік саласы көп еңбекті және тәуекелді талап етеді. Десе де екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға үлкен мүмкіндік. Тек кәсіп ашуға ниетті азаматтар мемлекеттің қолдауын дұрыс пайдалана білсе, еліміздегі кәсіпкерлік саласын бұдан да жоғары деңгейге көтеруге әбден болады.
17 қыркүйек 2021 ж. 1 928 0